
Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Бауыржанұлы Жұмағалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жылыту маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында сөз сөйледі.
Облыс аумағында 572 өрт оқиғасы тіркелді, өртте 3 адам қаза тауып, 8 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды, өрттен келтірілген шығын сомасы 473 032 400 теңгені құрады.
«Өрт және жану бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 357 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 284 ескерту және 73 тұлғаға (9 заңды, 1 лауазымды және 63 жеке тұлға) 4 227 340 теңге сома көлемінде айыппұл салынды.
Өрттерде адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бірі – тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату болып табылады. Осылайша, жергілікті атқарушы органдар мен демеушілердің қолдауымен әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне 362 датчик орнатылды. Оның ішінде, ағымдағы жылы 105 датчик орнатылса, былтырғы жылдан орнатылған 257 датчик бар.
Бұдан бөлек, демеушілердің көмегімен «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Батыс Қазақстан өндірістік филиалымен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне газ анализаторларын орнату жұмыстары да қолға алынды.
2023-2024 жылу беру кезеңінде есепке алынған 443 отбасының тұрғын үйлеріне 424 (қамтылуы – 95,7%) датчик орнатылды.
Сонымен бірге, облыс аумағында улы және табиғи газбен улану фактілерінің алдын алу мақсатында ұялы байланыстың барлық абоненттерін қамтитын СМС-хабарламалар жіберіледі», - деді спикер.
Қорытындылай келе, тұрғын үй секторында өрттердің, адамдардың улы немесе табиғи газбен улануының алдын алу және тұрғындардың өрттерде қаза болуы мен жарақаттануын болдырмау мақсатында Департамент тұрғындар мен ұйым басшыларына келесі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды:
- үй-жайларда электр бұйымдарының артық жүктемесін болдырмауды;
- балаларға пешті және газ құрылғыларын бақылауды тапсырмауды;
- балаларды үлкендердің қарауынсыз жалғыз қалдырмауды;
- тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын қатаң сақтауды;
- түтін мұржаларын уақтылы тазалауды жүргізуді сұрайды.
БҚО ТЖД Баспасөз қызметі