Қызметте де отбасында да бірге!

Қызметте де отбасында да бірге!

Қызметте де отбасында да бірге!

 

«Пешенеңе жазылғанын көресің», «Тағдыр ғой». Бала кезден үлкендердің ауызынан құлаққа жиі шалынатын сөздер. Шындығында, адам өмірінде болып жатқан жағдайларда – мезгіл мен мезгілдің, күн мен түннің ауысуындай бір заңдылық бар секілді. Десе де тағдыр таңдау ма, әлде өзгермес жүйе ме? Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың.

Иә бұл сөздердің әрбір адам үшін маңызы зор, себебі адам өз өмірін өзі құрастырушы, әр адамның өмірі өз қолында. Өмірін өзгерту де, жақсылыққа талпыну да бәрі де өз қолында.

Әрине, десек те біз өмірге келгесін, адам болып қалыптасып, өсіп- өніп, мектепте оқып, білім алып өз-өзімізді жетілдіріп, университет қабырғасында тәлім алып, бір маман иесі атанамыз.

Мамандық – бұл әрбір адамның сүйіп, әрі қуана жасайтын ісі, оның ертеңгі болашағы. Әр адам мамандығын өзі таңдауы және оған құрметпен қарауы керек. Мамандық таңдау - өте маңызды іс. Өйткені біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет етеміз.

Кішкентай ғана оттық үлкен ғимаратты өртеп жіберуге қауқарлы, ал енді сондай үлкен ғимараттан шыққан өртті тізгіндейтін, алапат өртпен күресетін еңбек ерлері өрт сөндіруші мамандар туралы біраз сөз қозғасақ дейміз.

Әлемде сан түрлі мамандық бар. Бірақ соның ішінде ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі, тіпті алдыңғы қатарлы мамандық десек те артық емес шығар. Ол –өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Десек те, бұл аса қауіпті мамандық ер азамттарға тән мамандық болғанымен, біздің нәзік жанды аруларымыз да ер азаматтармен қатар осы мамандықты жетік меңгеріп келеді. Күнде өмір мен өлім арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы қажет. Себебі бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмейді. Біреу білсе, біреу білмес газқағарды пайдалануға, қалың түтінде жылжуға, көшпелі баспалдақ бойымен жүруге, биіктіктен қорықпауға үйренуге болады..., бірақ бұл мамандықтың ең қиыны – әр минутта өз басын қатерге тігіп, басқа біреудің өмірін құтқару үшін әрқашан дайын болуды талап ететіні.

Белгілі бір жерден өрт шыққан жағдайда ең бірінші қоңырау дабылы осы мекемеге түседі. Арнайы тұтқада отырған кезеші диспечер оқиға болған орынды анықтап, жақын маңдағы өрт сөндіру көлігін жіберуге тырысады.

Иә, бұл маман иелері яғни, тұтқада отырған диспечерден бастап барлық өртке жұмылдырылатын қызметкерілер әрқашанда «адам» өмірі үшін уайым шегетініне шүбә келтірмесек те болады. Лаулаған оттың көп аймақты шарпымағаны белгілі болса, онда оқиға орнына бір ғана көлік жөнелтіледі. Себебі тонналап су тиеген бір көліктің күші жалынның бетін қайтаруға қауқарлы. Ал егер де үй, қойма, зауыт т.с.с. үлкен ғимарттар мен орманды алқаптар өртенсе бірнеше көптеген көліктер, сонымен қоса өзге де қауіпсіздік техникалары жөнелтіледі. Кей жағдайларда тікұшақтың да көмегіне жүгінетін кездер болады. Қызыл жалынның беті қашан қайтатынын ешкім білмейді. Егер жаз мезгілінде желді күні туындаған өрт болса, кейбір лаулаған жалын бірнеше күндер мен түндерге созылады. Осы уақытта шарпыған оттың арасында қалып қойған мал мен жанды құтқару үшін өрт сөндірушілер еш ойланбастан, өз өмірлерін қауіпке тігіп, қара бастарының қамы үшін емес адам өмірі үшін лаулап жанған қып-қызыл оттың ортасына кіріп өздерінің жұмысын мүлтіксіз атқаруға тырысады.

Бұл маман иелерінен әрқашан темірдей тәртіп, таудай төзім, мұқалмас күш- жігер талап етіледі. Себебі олар кез-келген төтенше жағдайға дайын болуы тиіс. Сондықтан да өрт сөндіру қызметіне тез жатталатын «101» номері берілген. Мұның өзі әп сәтте лаулап жанып, дес бермей кететін қызыл жалынның өтінде өмір бойы жүрген маман иелерінің жұмысы қаншалықты қиын екенін аңғартса керек. Әр күн сайын өрт туындамаса да маманданған өрт сөндірушілердің жұмыс кестесі тығыз, түске дейін арнайы әзірліктен өткен жетекші офицерлердің дәрісін тыңдап, теорияны практикамен ұштастырады.

Бұл қызмет еліміздің әр өңірінде өз жұмысын жасауда. Бүгінгі әңгімеміз қызыл жалынмен күресіп, темірдей тәртіпке бағынып, алапат өртпен арпалысып жүрген БҚО төтенше жағдай қызметкерлері жайлы болмақ.

Біз осы ретте БҚО төтенше жағдай қызметкерлерімен тілдесіп бір-екі ауыз сұхбаттасқан болатынбыз.

Бұл мамандықтың қызығынан гөрі қиындығы басымырақ. Десек те бұл мамандықты таңдап жұмыстары мен жанұяларын қатар алып жүрген азаматтарымыз аз емес. Осындай отбасылармыздың бірі Бисеновтер отбасы. Отбасының отағасы Бисенов Бағдат Қадиұлы Қызметтің № 7 ӨС бөлімінде жүргізуші қызметін атқарса, ал отанасы Бисенова Ардақ Баянғалиқызы Қызметтің № 6 ӨС бөлімінде радиотелефонист жұмысын атқарады. Отбасында екі ұл тәрбиелеп отырған ата-ана.

- Бағдат Қадиұлы жұмыстарыңыз туралы отбасыңыз және сүйікті істеріңіз туралы айта кетсеңіз?

- Әрине, біздер ең бірінші өрт сөндіруші қызметкерінен бұрын ата-анамыз. Сондықтан біз үшін әрқашан да бірінші орында екі ұлымыз тұрады және біз ұлдарымызбен уақыт өткізгенді ұнатамыз. Жолдасым үйде болған кезде қолөнермен айналысқанды ұнатады ал мен техниканы ұнатамын. Кішкентай кезімнен машина айдағанды ұнаттым және машина оңдап қасында жүргенді жаным сүйеді сондықтан да шығар жүргізуші қызметін таңдағаным.

- Сіздердің ойларыңызша құтқарушы мен өрт сөндіруші қызметіндегі ең басты нәрсе не?

- Әрине, біз ең бірінші өз жұмысымызды жақсы көреміз, ұнатамыз және де өртке қарсы қызметте жұмыс жасайтынымызды мақтан тұтамыз. Бұл мамандық елімізге, халқымызға көмек көрсететін, адамдардың алғысын алатын мамандық деп ойлаймыз. Біздің жұмыс орнымыздағы адамдар яғни, біздің әріптестеріміз жұмысқа келген кезде бар ынта-жігерін жұмысқа салып адам өміріне төнген қауіп-қатерден оларды аман сақтап қалуға тырысады, сол үшін күнделікті дайындықты тәжірбиемен ұштастырады. Бұл біздің күнделікті жұмыста көріп жүрген әріптестерміздің ерлігі деп санаймыз.

- Ардақ Баянғалиқызы сіздердің яғни, отағасы екеуіңіздің бір қызметте жасауларыңызға ешқандай кедергі жоқ па?

- Әрине, жаңа айтқандай біз жұмысымызды мақтан тұтамыз, қуанамыз. Дегенмен әр нәрсенің екі жағы болады, нақтырақ айтқанда жақсы немесе жаман жағы. Жақсы жағы жолдасым жұмысқа кеткен кезде балаларымды мен қараймын, ал мен жұмысқа кеткен кезде балалардың қасында әкесі болады. Бұл біз үшін өте ыңғайлы. Ұлдарымыздың жанында әжесі болғанымен олар ата-анасын күнделікті көргісі келеді. Ал екінші қолайсыздау жағы, ол екеуміздің бір мезетте үйде болмаумыз. Ал басқалай біздің жанұямызға бұл жұмыс ешқандай кедергі болған емес, лайым да солай болғай деп тілейміз. Біздің мамандығымыз - бізідің мақтанышымыз,- дейді отбсылық жұп Бейсеновтар жанұясы (Сұхбат үшін рахмет!)

Иә, өрт сөндіруші мен құтқарушылардың жұмысы оңай емес. Лауазымдарының өрт сөндіруші–құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы адамнан нағыз ержүректікті талап етеді. Өз өмірлерін қауіпке тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар әр төтенше жағдай болған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші мен құтқарушы сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимири Гиляровскийдің мына бір сөзі ойға оралады «Әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді».

Өрт сөндірушілер арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – өрттен аман болайық деген сөз. Лайым солай болсын.....