«Кинолог» деген маман бар...

«Кинолог» деген маман бар...

«Кинолог» деген маман бар...

 

Жер бетіндегі өмір сүріп жатқан жануарлардың арасында адамзат баласына ең жақыны — ит.  Ит адамның қолға үйреткен ең алғашқы үй жануары. Аңыз бойынша Адам ата мен Хауа ана өмір сүрген кезеңде алқапты топан су басып, барлық егін суға ағып кеткен екен. Сонда адамзатқа ерген алғашқы жануар ит - бір уыс масақты судан тістеп алып шыққан дейді. Сол масақты келер көктемде Адам ата мен Хауа ана жерге егіп, тіршіліктерін жалғастырыпты. Міне, содан бері осы бір ақылды жануар адамның айнымас досы болып келеді-мыс.

Иттерге тән қасиет — адалдық, сезімталдық және төзімділік. Осындай ерекше қаситеттері мен адамның да қолынан келе бермес ерліктері үшін құрметке бөленіп, тіпті мүсін орнатылған, аттары аңызға айналған  иттер тарих жадында сақталып қалған.

Итті қалай өсіру керегі туралы көп адам біледі десек те болады. Ит үйді күзетсе, қырда жүрген кезде, малды қасқырдан қорғауға көмектеседі. Аң аулауда серік болады. Алайда, ит өскен соң иесіне қауіп төндірмес үшін оны жастайынан қолға үйреткен жөн. Осыған қатысты арнайы мамандар жасақталады. Жеті қазынаның бірі иттің тілін түсініп, жанына серік еткен мамандарды «кинолог» деп атайды. Кинолог мамандары иттерді күшік кезінен қызметке дайындап жаттықтырады. Итті қызметтегі басты қаруы мен құралы деп есептейтін кинолог мамандардың итті баптаудағы бір күндік жұмыс барысымен танысу мақсатында «ҚР ІІМ ТЖК БҚО  ТЖД ӨС және  АҚЖҚ (Орал қ.)» ММ  жедел-құтқару жасағына келіп кинолог мамандармен сұхбаттасқан болатынбыз.

Жедел-құтқару жасағының кинолог маманы Жұмабекова Альбина Ирғалимқызымен сұхбат келесідей өрбіді:

  • Мамандықтың бәрі жақсы, кинолог мамандығын таңдағаныңызға өкінбейсіз бе?
  • Әрине өкінбеймін, себебі маған өзімнің мамандығым ұнайды және сонымен қатар  төрт аяқты құтқарушылармен бірге адам өмірін құтқару мен үшін өте үлкен мақтаныш.
  • Төрт аяқты жауынгер ит әрқашан сеніміңізден шығып жүр ме?
  • Ит – өзінің қожайынына адал болады.  «Ит адамның досы» деп текке айтпаса керек, сондықтан менің төрт аяқты досым сенімімнен шығады деген ойдамын.
  • Адал дос, сенімді серік - ит туралы не айтасыз?
  • Мен кішкентайымнан итке жақын болдым. Итпен бірге ойнап, қасында жүріп өстім. Өсе келе осындай мамандықтың барын естіп, біліп «КИНОЛОГ» мамандығын таңдауға бел будым.
  • Қызметтік және үй жайындағы иттерді қалай баптау қажет – кинолог ретінде қандай кеңес бересіз?
  • Біздің басты қаруымыз ол - ит. Ит сенің сенімді серігің, құралың десек болады. Қауіп төнген кезде ит сені құтқарады немесе керісінше сен итті құтқарасың. Бәрі итті қалай үйретіп, жаттықтыруыңа байланысты. Сондықтан итті махаббатпен, мейіріммен баптау керек деп ойлаймын.
  • Итті өзіңе бағындыру, айтқаныңды бұлжытпай орындату бұл нағыз маманға тән қасиет деп жатамыз, алайда, осы іс жүзінде қаншалықты шынайы?
  • Иә, әрине итті тыңдата білу үшін жоғарыда айтқанымдай махаббат, мейірім керек. Сонымен қоса ит сенің айнымас серігіңе айналсын десең, онымен тіл табысу, яғни, иттің нені қалайтынын білу қажет. Өзара тіл табысып, байланыс болу керек, төтенше жағдай болғанда бір-бірін ым-ишарамен түсіне білу шарт, сол кезде ит сенің нағыз досың екені дәлелденеді.

(әңгімелескеніңізге рахмет)

Міне, иттің тілін тауып қызметіне пайдаланған мамандардың  итті баптаудағы бір күндік жұмыс барысымен таныстығымыз осылай аяқталды. Кинология қызметі пайда болмай тұрып-ақ, «Ит адамның адал досы» деген бабам қазақ. Тазы, құмайларын алтыннан артық бағалап, мән бергенін бәріміз білеміз. Осыған қатысты, қазақта «жақсы ит иесінің көз-құлағы», «ит иесі үшін жүгіреді, құс тамағы үшін ұшады», «жақсы ит өлімтігін көрсетпес» деген секілді тіркестер кезедеседі. Олай болса, ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын кинолог мамандар мен олардың ақылды иттеріне сәтті жорық тілейміз.

 

Батыс Қазақстан облысы

Төтенше жағдайлар департаменті

«Өрт-сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ

Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының баспасөз хатшысы