
Бүгін Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мереке Бауыржанұлы Жұмағалиев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Өрт қауіпті кезеңінің өтуі және жылыту маусымына дайындық барысы туралы» тақырыбында сөз сөйледі.
2024 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс аумағында 480 өрт оқиғасы тіркелді, өрттен келтірілген шығын сомасы 473 032 400 теңгені құрады.
Өрттердің негізгі себептері - тұрғындардың отты ұқыпсыз пайдалануы болып отыр.
Өрт және жану бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 300 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып. 3 147 430 теңге сома көлемінде айыппұл салынды.
Ағымдағы жылғы өрт қауіпті кезеңінде облыс аумағында жалпы ауданы 7050 га құраған 17 табиғи өрт және 90 табиғи жану оқиғасы орын алды. Материалдық шығын 228 200 теңгені құрады.
Дала өрті санының артуына күрделі метеорологиялық жағдайлардың әсері (ыстық ауа райының ұзақ мерзімде сақталуы, найзағайдың түсуі, өсімдіктер мен құрғақ шөптердің қалыңдығы, техникалардың ақаулығы) ықпал етуде. Өз кезегінде, дала өрттерінің ауданы былтырғы жылмен салыстырғанда 4,9 есеге төмен.
Ағымдағы жылы Департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджеттен 962 656 000 теңге қаржы бөлініп, 1 бірлік өтімділігі жоғары авариялық-құтқару көлігі, 7 дана тіркемелі мотопомпа, 3 дана тасымалы мотопомпа және т.б. сатып алынуда.
Тікұшақ қызметтеріне жергілікті бюджеттен 80 млн. 821 мың теңге қаржы бөлінді.
Бұдан бөлек, 150 дана аспалы өрт сөндіргіштерді сатып алуға жергілікті бюджеттен 8,6 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр.
Дәстүр бойынша, облыс аумағындағы жылу беру кезеңі 15 қазаннан басталады. Алайда, Департамент алдағы жылыту кезеңіне дайындық жұмыстарын алдын ала жүргізе бастайды.
Өрттерде адамдардың қаза болуы мен жарақаттануын алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бірі – тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату болып табылады.
Ағымдағы жылы әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне 54 датчик орнатылды, аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, LED-экрандарда «Улы газдан сақтан», «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі» тақырыптарында профилактикалық бейнероликтер көрсетілуде.
Департамент табиғи өрттер мен жануларды болдырмау және алдын алу мақсатында тұрғындар мен ұйым басшыларына келесі өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын:
- саяжай серіктестіктерінде, сенбіліктерде, табиғат аясында демалу барысында қоқыс қалдықтары мен құрғақ шөптерді өртемеуді;
- ашық отты қараусыз қалдырмауды;
- табиғат аясында демалу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелері мен талаптарын қатаң сақтауды;
- аумақты құрғақ шөптер мен қоқыстардан тазартуды жүргізуді;
- ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.