Онлайн байқау «Абай Құнанбайұлы»

Онлайн байқау «Абай Құнанбайұлы»

ІІМ #ТЖК #БҚО #ТЖД #«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ

Өрт сөндіруші-құтқарушылар  тіл сайысынан бас жүлдені жеңіп алды

 

2020 жылғы 28 шілде күні Батыс Қазақстан Тілдерді дамыту басқармасы облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ақын шығармашылығына ой толғату арқылы қатысушылардың сөздік  қорын молайту, адамгершілік асыл мұраттарын шыңдау мақсатында «Жақсы сөз - жанның тынысы» атты онлайн  байқау ұйымдастырып өткізді. Жыл сайын тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастыратын аталмыш байқауға Төтенше жағдайлар департаменті алғаш рет команда дайындап өз қарамағындағы «Өрт сөндіру және  авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Орал қ.)» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінен  «Құтқарушы-тілшілер» атты команданы үкілеп жіберген болатын.

Барлығы 9 мекеме мен ұйым қатысқан онлайн байқау  үш негізгі кезеңнен: таныстыру (3 минуттық бейнеролик), Әл-Фараби мен Абай өлеңдерінің негізінде эссе жазу, «Өнерліге өріс кең» атты Абай шығармашылығынан ой-толғау тапсырмасынан тұрды.  Біздің ұжымнан қатысқан «Құтқарушы-тілшілер» тобы үш кезеңге де алдын ала өз қызметтері туралы бейнеролик, Әл-Фараби мен Абай шығармашылығы туралы эссе, Абай шығармашылығы туралы бөлек ой-толғау әзірлеп, барынша тыңғылықты дайындалып, сақадай сай болып барды.

Өте тартысты өткен сөз сайысында бақ сынаған «Өрт сөндіру және авариялық- құтқару жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің аға инженері Р.М. Жирентаев, Кадр саясаты бөлімнің инспекторы А.Н. Айбулатова, № 5 Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі А.А. Даракчян, «Жедел-құтқару жасағының» құтқарушысы А.А. Ниязов өздерінің сөз саптаудағы шеберліктері мен ұлы ақынның шығармашылығын талдаудағы біліктілігін көрсете білді. Бұл аталған қызметкерлердің ішінде топ басшысы Р.М. Жирентаевтың бұл тіл бәйгесіндегі екінші рет бақ сынауы. Себебі ол өткен жылы Қызылорда қаласында өткен «Полиглот» сайысына да қатысып онда үш тіл білетін өрт сөндіруші-құтқарушылар арасынан топ жарып бас бәйгені алып келген болатын. Ол өзі қызмет ететін ұжым қызметкерлері арасында ұйымдастырылған «Абай оқулары» сайсында да үздік өнер көрсетіп 1-орынды иеленді. Ал биылғы өткізілген тіл сайысы да оған табыс алып келді. Байқаудың үш кезеңін саралаған әділ қазылар алқасы бас жүлдені өрт сөндіруші-құтқарушылардан құралған «Құтқарушы-тілшілер» тобының қанжығаларына байлады.

Байқауға қатысу үшін еткен еңбектері мен төккен терлері текке кетпей «жүзден жүйрік шыққан» әріптестерімізді бүгінгі жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз. Осы жеңістері алдағы уақытта ұжымда қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге себепші болады деген үміттеміз. Еңбектеріне табыс және сәттілік тілейміз.

«Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ