
Өз өмірін аямай,өзгенің өмірін құтқарушы Арыстанбек!
Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Бүгінгі біздің мақаламыздағы тақырып өңіріміздегі батыр азаматтардың қатарын толықьырып жүрген өрт сөндіруші маман Тапалов Арыстанбек Нурланович туралы болмақ.
Тапалов Арыстанбек Нурланович 1985 жылы Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Өрт сөндіру саласында 10 жылдай қызмет атқарып келеді. Жас та болса, аса ауқымды салада жасап жүріп, талай өмір мен өлім арпалысына түсіп, халық үшін қызмет етуде.
Өрт – адам жанын аямайтын тілсіз жау. Апат айтып келмейді. Бұл құбылыс – осы салада біраз жылдардан бері қызмет етіп келе жатқан мамандарға аян. Төтенше жағдайлардан, оның ішінде өрттен халықты, түгел бір жанұяны алып қалу – олар үшін жетістік. Бұл сөздің куәсі ретінде көктемде Тапалов Арыстанбек Нурлановичтің қатысыуымен болған өрт оқиғасы жөнінде әңгімелеп берсек. Осы өртте Арыстанбек Нурланович қатысып қана қоймай, адам өміріне араша түсіп, өз өмірін қауіпке тігіп, лаулап жанған өрттің ортасынан адам құтқарған болатын. 2020 жылдың 2 наурызы күні 05сағат 32 минутта № 1мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне А. есімді азаматшадан Орал қаласы, Мяскомбинат 14, төрт пәтерлі уйдің №2 пәтерінің асхана бөлмесінің төбесі өртеніп қатты түтіндену болып жатқаны жөнінде хабар келіп түскен болатын. № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына уақытында үлгеріп, жетсе, үйдің ішінде жеке заттар мен жиһаздар, тұрмыстық заттар жанып жатқан. Үй-жай қатты түтіндеп, өткір иіс арасында пәтерде жасы келген үлкен кісінің өздігінен өрт орнынан сыртқа шыға алмай жатқанын анықтады.
Міне, дәл осы кезде өрт сөндірушінің, құтқарушының қызметтік кәсібилігі сыналды. Табан астында тез әрі нақты шешім қабылдап, құтқару жұмыстарын жүргізе білу – өрт сөндірушіге тән қасиет. Біліктілік пен кәсіби шеберліктің арқасында бесінші қабаттан Г. есімді азаматшаны құтқарып, оқиға орнына жедел-жәрдем қызметін шақырып, улы түтіннен зардап шегушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тілсіз жауды еңсерген. Өртті аз шығынмен уақтылы жойып, әрі қарай өрттің таралуына жол берілмеді.
Өрт сөндіру саласы жауапкершілігі мол, өлім мен өмір арпалысына жиі түсетін, айтып келмейтін апаттан адамдарды аман алып қалуда ерекше біліктілікті қажет ететін сала екені даусыз.
Дәл осы салада абыройлы қызмет ету – өрт сөндірушілерді басты міндеті деп білеміз! Иә, өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Осындайда орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің мына сөзі тілге оралады: «Әрбір өрт сөндіруші мен құтқарушы – қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді»
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт пен судан аман болайық» деген сөз. Лайым солай болсын!