
Жем-шөпті өрттен сақтайық
#ІІМ #ТЖК #БҚО #ТЖД #Ақжайық #ТЖБ
Пішен дайындау қызу жүріп жатыр. Соған байланысты пішен дайындалатын және оны сақтайтын жерлерде өрт шығу қаупі де арта түсуде. Оның негізгі себептері – далада от жаққанда қоламтасын қалдырып кету, өшірілмей лақтырылған темекі қалдықтары, сондай-ақ тракторлар мен автокөліктердің тұрбаларынан шығатын ұшқындар. Әсіресе, күн өте ысығанда, желді күндері далада өрттің туындауы үлкен апатқа ұшыратады. Барлық профилактикалық шаралар машиналар мен тракторлардан от ұшқындарын болдырмауға, двигательдің қызып тұрған бөлігіне шөп түсіп тұтанудан, темекі тартудан және өрт қауіпсіздігінің басқа да ережелерінің бұзылуынан сақтануға бағытталуы керек.
Шөп шабуда және жем-шөп тасуда жүрген барлық ауыл шаруашылығы агрегаттары ұшқын сөндіретін және өрт сөндіретін құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс. Жем-шөп дайындауда, тасуда жүрген адамдар міндетті түрде өртке қарсы нұсқаудан өтулері керек. Далада, дала қосындарында жөндеу және темір дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы режимнің қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажет. Әсіресе, пішен қоры сақталатын орындарға ерекше көңіл бөлген жөн.
Пішен маялау ережесін сақтаудың маңызы зор. Бір мая пішен сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал буылған пішен мен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы керек. Әрбір үйілген қатарлардың ара қашықтығы 20 метрден кем болмауы керек. Қатарлар мен маяларды парлап (жұптап) орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар (жұптар) кемінде 3 метрден кем болмайды.
Пішен сақтайтын жерлердің аумағында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы техникаларының түтін шығатын тұрбалары мен басқа да жүйелері мұқият жөнделіп, электрмен жабдықталып, ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі тиіс. Пішен қоймаларында өртке қарсы қатаң режим, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе, балалардың кіруіне жол бермеу керек. Осы шаралардың барлығын орындағанда біз дайындалған жем-шөптің толық сақталуын қамтамасыз етеміз.
БҚО ТЖД Ақжайық ауданының
Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері
азаматтық қорғау аға лейтенанты Е.Б.Кенжеғали