
Бүгін Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Көктемгі тасқын суды қауіпсіз өткізу мәселелері туралы» тақырыбында сөз сөйледі.
Су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары облыс әкімі төрағалығымен өткен отырыста және облыс әкімі бекіткен «Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес жүргізілуде.
«Облыс аумағында тоңның қалыңдығы былтырғы жылға қарағанда аз, 1 см-ден 91 см-ге дейін. Өңірімізде көктемгі жылы күндер наурыз айының үшінші он күндігінен болжануда.
Ресей Федерациясының аумағында күзгі-қысқы кезеңде жауын-шашынның көп түсуіне және топырақтың қатуына байланысты Ириклин су қоймасында су көлемінің ұлғаюы болжануда. Ағымдағы жылы наурыз айының басында су қоймасындағы жоғарғы бьеф деңгейі 242,67 м (НПУ 245 м), көлемі – 2687 млн м3, су шығыны секундына 9,2 м3, бос тұрған сыйымдылығы – 570 млн м3 құрады.
Қазіргі уақытта Ириклин су қоймасының толуы 83%-ды құрайды. 15 наурызға дейін су қоймасының шығыны секундына 15 м3 құраса, 15 наурыздан бастап секундына 30 м3 жетеді. Бұл ағымдағы жылы Жайық, Деркөл және Шаған өзендерінің жайылмалары бойындағы елді мекендермен, оның ішінде Орал қаласындағы тұрғын алаптардың көбін су басудың қаупін тудырады.
Облыс бойынша қазіргі уақытта 820 мың м3 қар шығарылды. Бұдан басқа 346 км арық пен канал, 850-ге жуық құбыр тазалау, 46 мың м2 мұз кесу және 34 мың м2 қамыс шабу, 7000-ге жуық ойық бұрғылау секілді жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар әрі қарай жалғасуда. 40 000 дана құм салынған қап дайындалды.
Сонымен қатар Орал қаласы мен 5 ауданның (Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Сырым, Шыңғырлау) 26 учаскесінің Деркөл, Шаған, Шежін-1, Шежін-2, Шыңғырлау, Қайынды, Өлеңті, Быковка және Рубежка өзендерінде мұз жару жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 20 мыңнан астам мұз жарылды.
Бұдан басқа әр апта сайын су тасқынына қарсы сенбіліктер өткізілуде. Сенбілік барысында арықтар мен құбырлар тазалануда, елді мекендер мен саяжай алқаптарының тұрғындарына түбіршектер (елді мекенге су басу қаупі бар екендігі және саяжай алқабы өзен жайылымында орналасқаны туралы ескерту) таратылуда.
Облыс бойынша су тасқыны қаупі бар 147 елдімекен, 49 авто және теміржол учаскелері, 50 гидротехникалық құрылыс бақылауға алынды, олардың барлықтарына жауапты тұлға, техника,құралдар, қапшықтар бекітілді.