
Отбасы - халықтың бақытты өмірінің негізі. Отбасы күні Қазақстанда 2013 жылы бекітіліп, қыркүйектің әр екінші жексенбісінде атап өтіледі. Ел президенті Қ.Тоқаев «Мықты отбасы-еліміздің үйлесімді және тұрақты дамуының сенімді кепілі» деп бұл мәселенің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді.
Отбасы күніне орай Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында 2023 жылғы 12 қыркүйекте отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасылық дағдарыстардың алдын алу мақсатында «Отбасы құндылықтары: отбасының қазіргі мәселелері» тақырыбында кездесу өткізілді.
Кездесу Департамент бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Р.Б.Бляловтың төрағалығымен өткізілді. Шараға БҚО Дін істері басқармасы Облыстық мешіттің найб имамы, теолог Н.И. Убаев, БҚО Қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Р.Р.Ашенова қатысты. Кездесу барысында Н.И.Убаев отбасы құндылықтардың діни, адамгершілік, имандылық жағын, Р.Р. Ашенова отбасы мен қоғамның байланысын, Департамент бас маман-психологы А.Қ. Махимова отбасылық жағдайдың психологиялық астарларын жеке құрам назарына жеткізді.
БҚО ТЖД ПҚТ