
Орал қаласының Достық үйінде «Бақытты балалық шақ – қоғамның жауапкершілігі» тақырыбында ата-аналардың облыстық форумы өтті.
Форум бағдарламасында «Ата-ана және балалардың қауіпсіздігі», «Ата-ана және мектеп», «Баланың денсаулығын сақтау жолдары және өзекті сұрақтар» тақырыптары бойынша 3 секция жұмысы қарастырылды.
Форумның пленарлық отырысына ата-аналармен бірге мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, педагогтар қатысты.
Форумда БҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев жазғы кезеңде су айдындарындағы балалардың қауіпсіздігі және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөнінде сөз алды.
Қанат Қабиболлаұлы сөз сөйлеу барысында қатысушыларға су айдындарында және өрт кезінде балалардың қаза болуы, жарақаттануының статистикасы, оның негізгі себептерін келтіріп, қауіпсіздік шараларын жеткізді.