
Арнайы автокөлікке жол бер
Тілсіз жау төтеден келіп, оқыс жай орын алғанда әрбір сәт, әрбір секунд маңызды. Шақырту орнына жол тартқан арнайы дыбыс, жарқылдауық маягі қосылған өрт сөндіру техникалары жай ғана қала ішімен жүйіткімейді, олар адамдарға көмек көрсетуге асығады. Әрбір шалынған қоңырау біреудің мұңы, уайымы, қайғысы. Осындай төтенше жағдайға асыққан арнайы техникаларға жол бойында әр түрлі кедергілер пайда болады. Соның бірі автокөлік жүргізушілері. Егерде жүргізушілер сыпайылық танытып «Арнайы автокөліктерге жол берсе» шақырту орнына тез келіп, қайғылы жағдайдың немесе үлкен шығынның алдын алуға болады
«Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Орал қаласы)» мемлекеттік мекемесі Орал қаласында БҚО ІІД Жергілікті полиция қызметімен бірге, «АРНАЙЫ АВТОКӨЛІККЕ ЖОЛ БЕР» атты рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Рейдтік іс-шара кезінде арнайы автотехникаға жол бермеген 7 автокөлік иелеріне ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 598 бабының 1-тармағы бойынша 1АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұл іс-шараны өткізудегі ең басты мақсат шақырту орнына бара жатқан арнайы автокөліктің уақытылы, кедергісіз жетуін қамтамасыз ету.