
Ескі жаңа жылда өрт қауіпсіздігін сақтау
Ескі Жаңа жыл – ескі хронология стилімен бірге мәдениетке келген бейресми мереке. Оны 13 қаңтардан 14 қаңтарға қараған түні тойлайды. Облыс аумағында Христиан дінін ұстанатын тұрғындар арасында тойланатын бұл мейрам – Жаңа жыл мерекесі сияқты аталып өтеді.
Шамдардың, гирляндалардың түрлі-түстілігі, бенгал шамдарының жарқылдары мен отшашулардың жарқылдауы мерекенің өзгермейтін атрибуттарына айналды. Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті мерекені тек бақытты сәттермен есте сақтау үшін өрт қауіпсіздігі ережелеріне ерекше назар аудара отырып, кейбір сақтық шараларын сақтау керектігін естеріңізге салады.
Фейрверктер, отшашулар, петардалар, шартылдақтар және бенгал шамдары — қысқы мерекелер алдындағы ең танымал тауарлар шығар. Бұл құрылғылардың құрамында көбінесе күкірт ұнтағы, химиялық қоспалар және белгілі бір металл бар, бұл оларды қауіпті ойын-сауыққа айналдырады.
Пиротехниканы пайдалану ережелерін сақтамау немесе жарамдылық мерзімінің өтуі, сондай-ақ жақын жерде тез тұтанатын материалдардың орналасуы өртке немесе басқа да төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін.
Базарларда немесе көшеде сапасыз және қауіпті тауарлар сатылуы мүмкін, сондықтан пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған сауда нүктелерінен сатып алу керек. Есіңізде болсын, пиротехника балаларға арналмаған — оны тек ересектер сатып алып, пайдалана алады.
Үй-жайларда, адамдар көп жиналатын жерлерде, жанармай құю бекеттерінің, электр беру желілерінің немесе газ құбырларының жанында отшашулар, фейрверктер немесе петардаларды жаруға тыйым салынады.
Есіңізде болсын, өрт қауіпсіздігі ережелерін дұрыс сақтау өзіңіз бен отбасыларыңыздың өміріне жауапкершілікті арттырады. Төтенше жағдайлар орын алған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне қоңырау шалыңыз!
БҚО ТЖД Мемлекеттік
өрт бақылау басқармасы