Қыс және жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселелері

Қыс және жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселелері

Бүгін Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Ернұр Сапарұлы Өтегенов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Қыс және жылыту маусымындағы қауіпсіздік мәселелері» тақырыбында сөз сөйледі.

 

Төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, оның салдарын барынша азайту және адамдардың қаза болуына жол бермеу мақсатында Азаматтық қорғаудың аумақтық жүйесін қысқы кезеңде әрекет етуге дайындауға бағытталған алдын ала іс-шаралар кешені жүргізіледі.

Облыс бойынша 2022-2023 ж.ж. қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға жұмылдыру үшін 2031 адам және 671 техника, оның ішінде өтімділігі жоғары 70 техника дайындалды.

Облыс тұрғындарына қыс мезгілінде түрлі сипаттағы қауіптер туралы ұялы байланыс операторлары (Kcell, Вelline, Теле2, Aсtiv), сондай-ақ «Дармен» қосымшасы және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарланып отырады.

2022 жылғы 1 қарашадан бастап 5 рет авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді, онда 6 бірлік техника (3 бірлік жеңіл, 3 бірлік жүк көлігі) шығарылды және таза аумаққа сүйрелді, 6 адам құтқарылды, 4 адам эвакуацияланды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін барлығы 22 адам және 14 бірлік техника тартылды.

Айта кетсек, 2021-2022 жылдардағы қысқы кезеңде 12 қар құрсауында қалу оқиғасы тіркелді, БҚО ТЖД құтқару бөлімшелері автожолдың тазартылған учаскесіне 67 бірлік техника, 69 адам құтқарылды.

 

Облысымыздың тұрғындары мен қонақтарының есіне қысқы кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша кеңестерді тағы бір сала кеткім келеді:

Қысқы кезеңде жолға шықпастан бұрын барлығын мұқият жоспарлап, кемінде алдағы екі тәуліктің ауа-райы болжамын біліп алыңыз.

Әрбір көлікте қысылтаяң кезде өміріңізді сақтап қалуға мүмкіндік беретін және өмірге алғашқы қажетті заттар болуы қажет: қыздырғыш лампалар, майшамдар, тростар, дөңгелектің тізбектері, тіркеуіштер, күректер, ыстық шай құйылған термос, азық-түлік қоры.

Егер де Сіз жолда боранда қалып қойсаңыз:

  1. Тоқтап, тоқтаған орныңызды белгілеп алу қажет;
  2. Көлікті қозғалтқышын желге қарсы бағыттап қойыңыз;
  3. Жиналған қар көлікті басып қалмас үшін, мерзімді түрде көліктің есігін ашып, жиналған қарды күреп тастап отыру қажет;
  4. Мерзімді түрде көлікті қыздырып алып тұру қажет, бірақ түтіннің салонға кірмеуін қадағалаңыз;
  5. «112» номері арқылы құтқаруға көмек шақырыңыз;

Сонымен қатар, жолдардың жабылуы немесе қозғалыстың шектелуі туралы СМС-хабарлама алсаңыз, оған құлақ аспай, елді мекеннен тыс шығып кетпеуіңіз қажет.

Сіздің өміріңіз және жолаушылардың өмірі Сіздің қолыңызда екенін есіңізден шығармаңыз!

 

 

         Қыста көптеген су объектілері өзендер, тоғандар, көлдер мұзбен жабылған, ол мұзда балық аулауға және жай ғана су қоймасының басқа жағалауына өтуге мүмкіндік береді. Алайда, дәл осы жерде қауіп төнуі мүмкін. Бұл, ең алдымен, мұздың астына түсіп, суық суға түсу қаупімен байланысты.

Мұздың қаттылығын көзбен-ақ  көріп байқауға болады: егер мұздың түсі көгілдір болса – ол берік, ақ болса – беріктігі 2 есе аз дегенді білдіреді. Ал егер мұздың түсі ақшыл сұр, күңгірттеу болса, бұл мұздың үстімен жүру тұрмақ, маңайына жоламағаныңыз абзалырақ болады. 

Жаман айтпай жақсы жоқ, соңғы 5 жылдың ішінде өңіріміздің су айдындарында 129 адам суға батып кетті, олардың ішінде 38 бала. (күзгі-қысқы кезеңде 16 адам суға батып кетті, оның ішінде 5 бала).

         Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, қыс мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын білу және сақтау қажет екенін еске салғым келеді:

Мұздың беріктігі және қалыңдығы бір жаяу жүргінші үшін кемінде 10 см жасыл түсті  болу керек.

         Топ болып, спорттық және мерекелік іс-шараларды және автокөлік өткелдерін ұйымдастыру үшін мұздың қалындығы 25 см-ден кем болмауы тиіс;

         Ешбір жағдайда мұздың беріктігін аяқтың соққысымен тексеруге болмайды, өте қауіпті. Жалпы Орал қ. бойынша мұздың қалындығы орташа есеппен Жайық ө.- 10-15 см, ағымы жақсы болғандықтан кейжерлерде ойықтар бар. Ал Шаған ө. 15 см, Деркул ө. -18 см.

Мұзда болған кезде:

  • мұздың жұқа және қатпаған жерлеріне шығуға;
  • мұздың жекелеген учаскелерінде топтармен жиналуға;
  • мұздағы ойықтарға, жарықтарға жақындауға;
  • шектеулі аумақта екіден көп тесік тесуге және от жағу;
  • өткелден тыс көлік құралдарымен шығуға болмайды.

Мұз үстіне түнгі уақытта және дұрыс көрінбейтін кезде шығуға рұқсат етілмейді.

         Мұз астында балық аулауға шыққан кезде балықшыларды келесі жеке құтқару құралдары болу қажет:

  • ысқырық, құтқару шильца, құтқару кеудешесі,
  • диаметрі 11 мм кем емес, ұзындығы 12 м кем емес арқан,
  • ұзындығы кемінде 2 м таяқ,
  • ұялы телефонды су өткізбейтін пакетке салыңыз.

Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзуы немесе орындамауы, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің  412-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Жеке тұлғаға 7 АЕК, ол 21 441 теңге;

 

Құрметті ата-аналар! Балаларды су айдындарына жібермеңіздер, ал егер барған жағдайда құтқару кеудешесін киіп жүру қажет. Әсіресе, су айдындардың жағалауында тұратындар, балаларыныңызға өте мұқият болыңыз.

 

 

Батыс Қазақстан облысының аумағында ағымдағы жылдың жылу беру кезеңінде (1 қазаннан бастап) тұрғын үй секторында 65 өрт тіркелді. 2021-2022 жылғы жылу беру кезеңімен салыстырғанда өрттер саны 9,7%-ға азайды (2021-2022жж. – 72 өрт). Өрт салдарынан 2 адам қаза тапты (2021-2022жж. – 0), жарақат алған жоқ (2021-2022жж. - 1 адам). Улы газбен уланудан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ (2021-2022жж. қаза болғандар – 0, жарақат алғандар-0).

2022-2023 жж. жылу беру кезеңінде жылу және энергиямен қамтамасыз ету объектілерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі Департаменттің ерекше бақылауында.

2022 жылдың 3-тоқсанында осы санаттағы тексеру нәтижелері бойынша 8 объектіде («Жайықжылуэнерго» АҚ 6 объектісі, энергиямен қамтамасыз етудің 2 объектісі) өрт қауіпсіздігі талаптарының 27 бұзушылығы анықталды, жіберілген бұзушылықтар үшін жалпы сомасы 229725 теңгеге 3 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттер және тұрмыстық газбен уланумен байланысты төтенше жағдайлар саны күрт артады.

Соңғы 3 жылда тұрмыстық газ тұтынушылар объектілерінде табиғи газбен улану себебінен 3 адам қаза тауып, 33 адам түрлі дәрежедегі улануға ұшырады.

Өрттердің, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының, сондай-ақ адамдардың улы газбен улануының алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын 2 кезеңде тұрғын үй секторында рейдтік іс-шаралар өткізіп, халықпен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. 1-ші кезең 15 тамыздан 15 қыркүйекке дейін жылу беру кезеңіне дайындық барысында, ал 2-ші кезең 15 қыркүйектен бастап жылу беру кезеңі аяқталғанға дейін өткізіледі.

Профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар санатына ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта Департаментпен осы санатқа жататын 1214 отбасы есепке алынды.

Профилактикалық іс-шараларды өткізудің бірінші кезеңінде Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық 1214 үйді аралады.

Тексеру жүргізу кезінде 1214 үйдің 705-де өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған, оның ішінде автономды жылыту жүйелерімен байланысты 270 бұзушылық, электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға байланысты 559 бұзушылық және басқа 95 бұзушылық анықталды. Қазіргі уақытта бұл үйлерге қайта бару жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп қалған тұрғын үй секторын аралау жұмыстарын жүргізуде. Осылайша профилактикалық жұмыспен 157 мыңнан астам адам қамтылып, 44 мыңнан астам тұрғын үй араланды.

Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру бойынша шаралар қабылдау мақсатында Департаментпен «Жатақхана» профилактикалық іс-шаралары жүргізілді. Аталған іс-шара аясында Департамент бөлімшелері Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметімен, жергілікті атқарушы органдармен, газ-техникалық инспекциямен бірлесіп облыс бойынша 5681 адамды қамтитын 35 жатақхана мен тұрғылықты жерінен өтті.

Өртте адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бірі тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату болып табылады.

Ағымдағы жылдың жылу беру кезеңі басынан бастап әкімдіктер мен демеушілік көмек көрсету есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлеріне 174 улы газ датчигі және 23 табиғи газ датчигі орнатылды, қазіргі уақытта тағы 147 улы газ датчигі сатып алынды.

Соңғы 4 жылда тұрғын үйлерде әкімдіктер мен демеушілік көмек есебінен 1268 улы газ датчигі орнатылған болатын, оның ішінде соңғы 2 жылда 1122 датчик орнатылды. Осылайша, бұл көрсеткіш 2019-2021 жылдармен салыстырғанда 7,7 есе өсті.

Сонымен қатар, облыста 2022 жылы тұрмыстық газ баллондардың жарылуының 4 өрт оқиғасы тіркелді, онда 1 адам жарақат алды (2021ж. - 5, 1 адам жарақаттанды). Ескі және мерзімі өтіп кеткен газ баллондарды қолданатын халықтың негізгі бөлігі қаланың шетінде немесе ауылдық елді-мекендерде орналасқандығы жағдайды қиындатады. Тұтынушылардың көпшілігі, әдетте, өз баллондарын жақын маңдағы тұрмыстық баллондарды толтыруға құқығы жоқ автогаз құю станцияларында толтырады және бұл әрекеттері заңсыз болып табылады.

Қазіргі таңда азаматтарға тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру мен жеткізудің ең қолжетімді тәсілі кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Осы жұмыс аясында 2022 жылдың 11 айында бұқаралық ақпарат құралдарында 1010, әлеуметтік желілерде 1375 ақпарат жарық көрді. Облыс тұрғындары мен ұйымдары арасында 610 дәріс және жиын өткізілді, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен 47 брифинг,             32 дөңгелек үстел өткізілді. Білім беру мекемелерінің көмегімен «Whatsapp» мессенджеріне ата-аналар чаттарына өрт қауіпсіздігі бойынша 10 бейнеролик таратылды.

 

Құрметті Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтары!

Осы жағдайды пайдалана отырып, тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау туралы тағы да еске салғымыз келеді. Жылыту пештерін, газ қондырғыларын және электр жылыту құралдарын пайдалану кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Балаларды үйде үлкендердің қарауынсыз жалғыз қалдырмаунызды сұраймыз.