
«Мектепке жол» акциясы
Акцияның мақсаты –аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету болып табылады.
Бүгінгі күні бір баланың өзін мектепке дайындау ата-анаға әжептәуір салмақ түсіретіні анық. Ал, отбасында бірнеше бала болса ше?! Әлбетте, мұндай жағдайда әке-шеше барлық баласын бірдей жаңа оқу жылына сақадай сай етіп даярлай алмасы анық. Оларға көп болып көмек көрсету игілікті іс. Осы мақсатта, аталған шара Сырым ауданы аумағында да белсенді түрде ұйымдастырылуда.
Жыл сайын «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы, аудандағы мемлекеттік мекемелер, ұйымдар, шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен ауылдық округтерде де өткізіледі. Шараға аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері және №1 4 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері де белсене қатысып, аз қамтылған немесе көп балалы отбасыларының балаларына мектепке баруға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алу үшін қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі, Сырым ауданы Қоңыр ауылының оқушыларына бөлім қызметкерлері және өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері биылғы жылы да дәстүрден айнымай, мектепке қажетті кеңсе тауарлары және басқа да заттармен толтырылған сөмкелермен қамтамасыз етті.
Шара барысында, бөлім бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Ғабит Игильманұлы Жасталап көпшілікті акцияның басталуымен құттықтап, бұл мейірімділік пен қайырымдылықты, адамдардың бір-біріне деген риясыз көңілін, болашағымыз балаларға деген шынайы қамқорлықты танытатын ізгі шара екендігін атап өтті.