ЖҰҚА МҰЗ - ҚАУІПТІ!

ЖҰҚА МҰЗ - ҚАУІПТІ!

ЖҰҚА МҰЗ - ҚАУІПТІ!

 

Қазіргі кезде ауа райының салқындауына байланысты өзен-көлдердің,  бетін қабыршақ мұз жаба бастады. Сондықтан Жаңақала ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдайлардың (қайғылы оқиғалардың) алдын алу мақсатында, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектептің 7-9 сынып оқушыларына «Жұқа мұз - қауіпті» атты тақырыпқа онлайн дәріс ұйымдастырды. Оқушылармен маңызды сұрақтарды талқылап, сондай жағдайларға кенеттен тап болған уақытта не істеу керектігі жөнінде сөз қозғалды.

Төмендегі қарапайым ережелердің қатаң сақталуы тиіс екенін оқушылардың есіне салғанды жөн көрдік:

- жұқа, әлі берік қатпаған мұздың үстіне шықпаңыздар;

- мұз үстіне топ болып жиналмаңыздар;  

- мұз бетіндегі ойықтарға, жарықтар мен жыраларға жақындамаңыздар;

- тік жарлардан жұқа мұзға шанамен, шаңғымен сырғанамаңыздар;

- мұздан тыйым салынған жерлерден өтпеңіздер;

- көру мүмкіншілігі жоқ кезде және қараңғыда мұзға шықпаңыздар;

- өткелден тыс жерлерден мотоцикл, автокөліктермен жүрмеңіздер.

Мұзбен жүрмей тұрып, оның беріктігін сүйменмен соғып тексеру керек. Берік мұз 2-3 соққыдан кейін ғана тесіледі. Мұздың беріктігін аяқпен теуіп тексеруге болмайды. Тұрақты қысқы кезеңде қауіпсіз мұз қалыңдығы бір адамға 7-8 см, 5-7 адамға 12-14 см. болады.  Мұз мықтылығына сенімсіз болсаңыз, онымен абайлап жүру керек және кез-келген уақытта жағдайдың күрт өзгеріп кетуіне дайын болу қажет. Жәй жүрген кезде мұз сирек сынады. Мұздың үстімен шаңғымен өтер кезде  қауіпті жағдайлар туындаса тез босап кету үшін шаңғының бекіткіштерін ағытып, шаңғы таяқтарының ілмектерін қолдан босатады, бірақ шаңғыны түгел шешіп тастамау керек, себебі олар  адамның мұзға түсетін салмағын жеңілдетеді. Адамдар мұз үстімен топтасып жүріп өткен кезде бірінің соңынан бірі, 5-6  метр ара қашықтығын сақтап тізбекпен жүрулері керек. Бірінші болып дайындалған тәжірибелі адам жүруі тиісті және ол міндетті түрде ұзын арқанмен және құтқару жилетімен сақтандырылған болу керек. 

Егер сіз оқыстан мұздай суға түсіп кетсеңіз, онда ең маңыздысы – үрейге бой бермеңіздер. Басыңызды суға батырмау үшін қолдарыңызды тез екі жаққа кең жайып тұрыңыз. Мүмкіндігінше су мұздың астына қарай тартпайтын жерге жылжыңыз. Мұндағы ең маңызды әдіс – дененің барлық салмағын кең жерге шығарып тіреп тұрып, көтеріліп жанына қарай домалау. Мұздың бетіне шашыраған су мұз бетін тайғанақ жасап, қолмен жұмыс жасауға кедергі жасайды. Кейбір балықшылар ол үшін бір-екі үлкен шеге алып жүреді, олардың көмегімен мұзға оңай шығуға болады.

                                                                             Жаңақала ауданы ТЖБ аға инженері

                                                                           азаматтық қорғау аға лейтенанты  

А.Х.Камидуллиев