
19 ҚАЗАН – ҚҰТҚАРУШЫЛАР КҮНІ!
Б.И.Мамбетов Тасқала ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі (2005-2010 жылдар аралығында)
1918 жылдан бастау алған өрт сөндіру бөлімі еліміздің амандығы үшін аянбай тер төгіп келе жатқанына бір ғасырға жуық уақыт болып қалыпты. Осынша жылдар ішінде еліміздің экономикасын арттыру мақсатында, халықтың және мемлекеттің мүліктерін өрт қауіпсіздігінен сақтауды мақсат еткен жұмыстары ел игілігіне бөлінуде. Осындай орасан зор аса қауіпті саналатын өрт қауіптілігін жою және адам өмірін сақтап қалу мақсатында құрылған аудандық №15-ші Өрт сөндіру бекеті және де Тасқала аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері төл мерекелерін атап өтпекші. Осыған орай 1961 жылы Тасқала ауданында дербес әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімі ашылған болатын. Осы кезеңдерде өрт сөндіру саласында қызмет атқаратын кадрлар саны жетіспеушілігі қатты байқалып тұратын. Ол кездерде өрт сөндіру бөлімі облыстық ішкі істер басқармасына қарайтын еді, өрт сөндірушілер өз қызметтерінен бөлек ішкі істер бөлімінде қызметін қоса атқарды. Атап айтар болсақ, көшедегі қауіпсіздікті, жол қауіпсіздігін және қылмысты іздестіру бөлімдерінде жұмыстарын атқару міндеті тұрды. Осындай істердің барлығынан да шет қалмай өздерінің анттарына берік екендігін көрсете білді. 1984 жылы комсомолдық жолдамамен өрт сөндіру бөліміне жаңа қызметкерлер келе бастады. Солардың ішінде облыстық ішкі істер басқармасы, өрт сөндіру бөлімі бастығының бұйрығымен Орал қаласының №27 өрт сөндіру бөліміне өрт сөндіруші қызметіне келген Мамбетов Берік Иманғалиұлы аз уақыт ішінде өз ісінің шебер екенін көрсете білді. Ол 1985-1987 жылдары Алматы қаласындағы өрт сөндіру техникумын бітірді. Оқу бітіргесін 1987-1988 жылдары Ақсай қаласындағы №142 өрт сөндіру бөлімінде караул бастығы болып жұмыс атқарды. 1988 жылдан 1992 жылға дейін Ташкент қаласындағы Жоғары инженерлік өрт техникалық мектебін бітірді. 1992 жылдан 2001 жылға дейін Батыс Қазақстан облысында әртүрлі лауазымды қызметте болды. 2002 жылы Тасқала аудандық №13 өрт сөндіру бекетінің бастығы болып тағайындалды. 2005 жылдан 2010 жылға дейін Тасқала ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Содан 2010 жылдың шілде айына дейін осы қызметті атқарып, еңбек демалысына жіберілді. Ұзақ жылғы қызметтерінің арқасында, еңбегі еленген ардагер ішкі істер және төтенше жағдайлар министрлігінің төс белгілерімен, төтенше жағдайлар министрлігінің «Өз ісінің шебері», бірнеше марапат грамоталармен және І,ІІ,ІІІ дәрежелі медальдарымен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және де «ҚР ТЖМ-нің құрметті ардагері» медальдарымен марапатталған болатын. Бүгінгі күнде еңбек демалысында жүрсе де, өзінің еңбек еткен саласы бойынша Ақсай қаласындағы «Өрт сөндіруші» Акционерлік қоғамында өрт қауіпсіздігі нұсқаушысы болып еңбек етіп келе жатыр. Қазіргі таңда бір қызы, бір ұлы бар. Сөз сонында еңбек ардагері Мамбетов Берік Иманғалиұлын, бүкіл Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерін келе жатқан төл мерекелерімен шын жүрегімнен құттықтап, еңбектеріне табыс, жанұяларына бақыт-береке тілеймін!