
Жетісу облысының құтқарушылары мен полицейлері жабық паркингтерде газ жабдығы бар машиналардың бар-жоғын тексереді және жол бойында тұрғындарға олардың тұрағына тыйым салу туралы түсіндіреді.
Соңғы жылдары газ баллон жабдықтарымен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өсті.
Осыған орай, адам өлімі мен материалдық залалға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі бірнеше есе артты.
Жабық автотұрақтарда (тұрғын және қоғамдық ғимараттарға кіріктірілген және бекітілген) және сауда орындарының паркингтерінде газ баллонымен жабдықталған автомобильдердің өртенуі әсіресе қауіпті.
Мәселен, Жетісу облысы ТЖД және ПД қызметкерлері «Газбаллон» Республикалық жедел алдын алу іс-шаралары аясында рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Рейдтер барысында жерасты автотұрақтарында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері анықталған жоқ.
Аталған іс-шаралар барысында АГҚҚС басшыларымен жұмыс жүргізілді, жанармай құю бекеттерінің қызметкерлері мен клиенттеріне ұсыныс хаттар табыс етілді, ал көлік құралдарының барлық автокөлік иелеріне өрт қауіпсіздігі талаптары жеткізілді.
Сонымен қатар, рейдтер барысында тиісті рұқсатсыз автокөлік құралдарына газ-отын жүйесін орнатқан автокөлік иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
«Газбаллон» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі