
Қазақ жері ықылым заманнан сонау Алтайдан Еділге дейінгі ұланғайыр жерді алып жатыр. Осынау басты байлығымыз болып табылатын туған жерді ата-бабамыздың ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, бізге аманат, мұра ретінде қалдыру үшін жаумен жан аямай жағаласқандығы әмбеге аян. Халық ауыз әдебиетіндегі батырларымыздан бастап, бүгінге дейін қазақ топырағында сан мыңдаған батырлар дүниеге келіп, артында сан қилы дастандар мен том-том ктапқа жүк боларлық ерлік істерін қалдырып кетті. Олардың барлығын тоғыстыратын ортақ дүние ол, әрине Отанды қорғау, кейінгі ұрпаққа дін аман табыстау болды десек қателеспесіміз анық. Иә, олар өздерінің аңсаған армандарына жеткендігін бүгінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заманға қарап бағамдауға болатындай. Ал қазіргі әңгімемізге арқау еткелі отырған жан бірнеше кісінің өмірін түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар мен өрттен қорғап қалған әрі өрттен құтқару спортының ҚР бойынша үш дүркін чемпионы және Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында шекара қызметінде жүріп басшылық тарапынан «Үздік шекарашы» деген құрметке бөленген әрі халықтың тыныш ұйқысын күзеткен Жарылқасын есімді азамат жайлы болмақ. Жә, сіздерге түсініктірек болуы үшін ол жігітке кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру мекемесіне қарасты Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау капитаны Амиралиев Жарылқасын Пернебекұлы 1979 жылы 17 тамызда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Билікөл ауылында алты бала өсіп-өнген қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Пернебек механизатор болып қызмет атқарып талай жыл ел алғысына бөленсе, анасы Шырын бала тәрбиесімен айналысса керек. Жақсылық 1996 жылы «Қ.Қошмамбетов» атындағы орта мектепті аяқтап, 1997-1999 жылдар аралығында Алматы облысы, Ұйғыр ауданында шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеген. Әскер қатарында жүріп те спорттың самбо түрімен айналысқан. Әскерден келген соң 2000 жылдан бастап өртке қарсы қызмет саласына өрт сөндіруші болып қызметке орналасқан ол, қызмет атқару барысында түрлі баспалдақтардан өтіп, тіпті Жуалы, Меркі аудандарында қарауыл бастығы лауазымында да қызмет атқарған. 2000-2006 жылдар аралығында Тараз мемлекеттік университетін аяқтаса, 2008-2011 ж.ж. Көшетау техникалық институтын тәмамдаған. Жарылқасын қызметке жаңадан орналасқанда оған Смаил Сұраншиев, Қайрат Төлепбергенов, Әлібек Абсатов секілді өз ісінің үздіктері тәлімгерлерлік етсе, бүгінде Жарылқасынның өзі Талғат Карибаев, Ғалымжан Дәулетбақов секілді шәкірттергее тәлімгерлік етіп жүрген жайы бар.
Жалпы Жарылқасын үнемі түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар мен күрделі өрттердің бел отасынан табылады. Мысал ретіне солардың бірді-екілісіне тоқталайық.
2014 жылы Жарылқасын бастаған жігіттер Меркі ауданында орын алған жол апаты кезінде, автокөлік ішінде қысылып қалған 3 адамды қираған автокөліктен шығарып, зардап шеккендерге дәрігер келгенге дейін медициналық көмек көрсеткен. Нәтижесінде жол-көлік оқиғасына ұшыраған адамдар жедел жәрдем қызметкерлеріне естерін жиған күйде тапсырылған.
Сонымен қатар, 2018 жылы шілде айында Тараз қаласы, Ақкозиев көшесіндегі тұрғынүй өртке оранғанда оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер үй қожайыны мен оның егде жастағы анасын өрт ішінен шығарып, түтінге тұншығып, жаны кіресілі-шығасылы болып жатқан кісілердің кеудесіне қолмен тыныс алдыру әдісін қолданып, медициналық мамандар келгенге дейін есін жиғызған. Атқарған еңбегіне орай 2015 жылы сол кездегі ҚР ТЖ Министрі В.Божконың қолынан «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» медалімен марапатталған. Жақсылық өрттен құтқару спортында жүрген жылдары Саят Примкулов, Нұртас Кубегенов, Ермахан Махаев секілді сен тұр, мен атайын дейтіндей спорт саңлақтарымен иықтаса жүріп бірге жаттыққан, яғни бірге жүгірген.
Жарылқасын 2004 жылы Павлодар қаласында өткен өрттен құтқару спорты бойынша жарыста шабуылдық сатымен 4-қабатқа көтерілу түрі бойынша 3-орынды иеленсе, 2002 жылы «Қазспас» атты құтқарушылар арасында өткен жарыста жүлделі 3-орынды жеңіп алған. Сондай-ақ Қырғыз Республикасы, Қаракол қаласында өткен жарыста шабуылдық сатымен өрлеу түрі бойынша 2-орын алған. 2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, Леңгір қаласында өткен құтқарушылар арасындағы жарыста жалпы командалық есепте 2-орынды иеленген. Қазіргі уақытта ол өрттен құтқару спортының спорт шебері атағын иеленген.
Бүгінде Жарылқасын асыл жары екеуі – Жәния, Кәусар, Мирас, Лашын, есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Жанұясы Жарылқасынды әрдайым жұмыстан аман-есен орталарына оралуын тағатсыздана күтуді әдетке айналдырған. Ал біз өз тарапымыздан Жарылқасын секілді сегіз қырлы, бір сырлы азаматтарымыз барда Егемен еліміздің өркендей берері сөзсіз деген ұранмен аяқтауды жөн көрдік. Еңбегің жансын – Жарылқасын!
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру қызметінің Қоғаммен байланыс тобы