Жылу беру маусымы басталғалы бері Шығыс Қазақстан облысы (ШҚО) Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері алдын алу рейдтерін күшейтті. Рейд барысында пештердің, мұржалардың және электр жүйелерінің жай-күйі тексеріледі. Негізгі мақсат – өрттің алдын алу және тұрғындарды иіс тию (көміртегі тотығымен улану) қаупінен қорғау. Қазіргі уақытта 7000-ға жуық үй араланып, 9000-нан астам тұрғынға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 1200-ден астам адам қатысқан 55 кездесу мен жиын ұйымдастырылды.
Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы да сақтық шаралары туралы ақпарат таратылуда. Көп балалы отбасылардың, жалғыз тұратын қарт адамдардың және қозғалу мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне ерекше назар аударылуда; мұндай тұрғын үйлерге 940-қа жуық иіс газын анықтайтын датчик орнатылды. Рейдтер барысында мамандар үй иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіреді.
Өрттің және иіс тию оқиғаларының алдын алу үшін ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мынадай кеңестер береді:
- Үй ішінде ашық отты пайдаланбаңыз. төсекте темекі шекпеңіз (әсіресе мас күйінде)
- Үйден шығар кезде электр құрылғыларын қосулы күйінде қалдырмаңыз.
- Тек жарамды, ақауы жоқ электр құрылғылары мен жылыту жабдықтарын ғана қолданыңыз
- Пеш қалауындағы жарықтар немесе бітеліп қалған мұржа ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін
- Үй-жайдың дұрыс желдетілуін қамтамасыз етіңіз
- Пеш қақпақтарын (заслонкаларды), егер оларда техникалық талаптарға сай арнайы саңылаулар болмаса, толық жауып тастамаңыз
- Жылыту жабдықтары мен жанғыш құрылымдар арасында қажетті қауіпсіздік арақашықтығын (бос орын мен оқшаулауды) сақтаңыз.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне хабарласыңыз.
ШҚО ТЖД-де Қазақстан Республикасының Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Азаматтық қорғау органдарының дамуына үлес қосқан және қызметтік міндеттерін атқаруда ерекшеленген қызметкерлер мен қызмет ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен ведомстволық медальдар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ ерлік пен батылдық танытқан құтқарушылар мен өрт сөндірушілер ШҚО ТЖД басшылығы атынан грамоталармен марапатталды. Марапаттарды ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов табыс етті.
«2026 жылдың басынан бері ШҚО ТЖД қызметкерлері шамамен 4 000 жедел шақыртуға шығып, 1 100-ден астам авариялық-құтқару жұмысын жүргізді. 145 адам құтқарылып, төтенше жағдай аймақтарынан 160 адам эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар қызметіндегі жұмыс – бұл батылдық пен ерлік, сондай-ақ өмірдің ең қиын сәттерінде адамдарға көмек көрсетуге үнемі дайын болу. Барлық құтқарушыларды, өрт сөндірушілерді, сүңгуірлерді, кинологтарды, психологтарды және басқа да қызметкерлерді шын жүректен құттықтаймын. Құтқару қызметінің негізін қалаған, бүгінде өздерінің білімі мен тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп жүрген қызмет ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін», – деп атап өтті ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рашид Блялов.
Құтқарушылар күніне орай ШҚО ТЖД ұжымы мен басшылығы, жас құтқарушылар және қызмет ардагерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің рухына тағзым етіп, ескерткіш мемориалына гүл шоқтарын қойды.
Құтқарушылар күніне орай Көп жылғы адал еңбегі және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы Елена Александровна Нарзиеваны "Құрмет" орденімен марапаттады.
30 жылдан астам Елена Александровна өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау саласында жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ол өзін жоғары білікті және жауапты маман ретінде көрсетті.
2026 жылы ол "Үлбі металлургия зауыты" АҚ бериллий өндірісіндегі оқиғаны тергеуге қатысып, оның техникалық себептерін анықтап, өндірісті жаңғырту шараларын ұсынды.
Елена Александровна терең кәсіби білімінің, бай практикалық тәжірибесінің және іске жауапкершілікпен қарауының арқасында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және төтенше жағдайлардың алдын алуға елеулі үлес қосады.
Жоғары мемлекеттік марапат оның көпжылдық еңбегінің, кәсібилігі мен өз ісіне берілгендігінің мойындалуы болды.
Мемлекет басшысы салтанатты жиынға қатысушыларды Құтқарушы күнімен құттықтап, төтенше жағдай саласының қызметшілеріне ризашылығын білдірді.
– «Құтқарушы» сөзінің мағынасы – өте кең әрі терең. «Құтқару» – әрдайым игі іс жасаумен, жақсылық істеумен байланысты ұғым. Адам өміріне араша түсу, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау, оқыс жағдайға тап болған адамдарға қол ұшын созу, тіпті, олардың қорқынышын басып, жұбату сөз айту – осының бәрі де нағыз құтқарушының бойынан табылатын асыл қасиеттер. Сондықтан халқымыз сіздерді, яғни еліміздің барша құтқарушы мамандарын бейбіт күннің батырлары деп атайды. Бұл – шын мәнінде әділетті баға. Әрине, құтқарушы болу көптің алғысына бөлейтін абыройлы және мәртебелі қызмет екені сөзсіз. Алайда азаматтық қорғаныс саласында адал еңбек ету бәрінің қолынан келе бермейтін шаруа екенін де ұмытпауымыз қажет. Батыл, қайсар, ширақ әрі өжет болу – өз алдына өте маңызды талап екені даусыз. Бірақ құтқарушы ең алдымен елге жаны ашитын отаншыл азамат және білікті маман болуға тиіс. Осындай күрделі жұмысты рухы мықты, жауапкершілігі жоғары, жүректі адамдар ғана таңдайды, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай саласының қызметшілері ешқандай қауіп-қатерден тайсалмайтын, сын-сағатта жедел шешім қабылдай алатын, арнайы даярлықтан өткен нағыз кәсіби мамандар деп есептейтінін айтты.
– Құтқарушылардың еңбегі қашанда еліміздің көз алдында. Сіздер күн сайын тәуекелге барып, кәсіби міндет пен жауапкершілікті бәрінен биік қоясыздар. Басқаша айтқанда, от пен судың ортасында жүресіздер. Төтенше жағдайға түскен адамдарға жәрдем беріп, оларды қиындықтан құтқару үшін қажымай қызмет етесіздер. Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір еліміз түбегейлі жаңғыру мен өзгеріс жолына нық сеніммен қадам басқанын атап өтіп, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылғанына тоқталды.
– Еліміздің басты мақсаты да, міндеттері де – айқын. Біз біртұтас қоғам болып заң мен тәртіп үстемдік құратын, ынтымағы мықты, бірлігі бекем, Әділетті, Озық, Күшті және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Жалпы халық қолдаған жаңа Конституциямыз 1 шілде күні заңды күшіне енді. Бұл – бүкіл еліміз үшін тарихи оқиға. Конституциямызға көптеген ел зор ықыласпен назар аударды. Өйткені Конституция жарқын болашаққа жол ашатын қастерлі құжатымыз, ұлтымыздың темірқазығы ретінде заман талабына сай мүлде жаңа сипатқа ие болды. Конституцияда адам және оның өмірі ең жоғары құндылық екені айқын жазылды. Азаматтық қорғаныс саласының әр қызметкері адам өмірін қорғап, Конституциямыздың осы мызғымас құндылығын сақтауға зор үлес қосуда. Сондықтан еліміздің барша құтқарушыларын қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі десек, артық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ұлтымыздың болашағына тікелей әсер ететін осындай іргелі өзгерістердің арқасында мемлекеттік басқару жүйесі толық жаңғырды.
– Елімізде бір палаталы Құрылтай жұмыс істей бастады. Конституциялық мәртебесі бар ең жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесі де өз жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің реформасы жүргізілді. Таяу арада барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтеді. Қазіргі таңда менің тапсырмаммен еліміздің Қарулы күштерін реформалау, жаңа үлгідегі әскер жасақтау жұмысы басталды. Қазақстанның армиясы қазіргі заманның әскери талабына сай, басқа сөзбен айтқанда, әрбір қауіп-қатерге тойтарыс беруге дайын озық, мықты қарулы күш болуға тиіс. Себебі Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін көздің қарашығындай қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын сақтау мемлекетіміздің стратегиялық міндеті саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс саласын дамыту үшін озық технологияларды енгізу және материалдық-техникалық әлеуетті нығайту маңызды екеніне назар аударды.
– Кейінгі бес жылда құтқарушыларымыз 75 мыңнан астам жедел шақырту бойынша 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетті. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Бүгінде бұл салаға қойылатын талап түбегейлі өзгеруде. Ең басты міндет – апаттың алдын алу. Сондықтан осы салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу аса маңызды. Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да – өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өндіріс орындарындағы, кеніштердегі, сондай-ақ шалғай елді мекендердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын тілге тиек етті.
– Құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін өндірістік қауіпсіздік саласына цифрлық технологиялар мен инновациялық шешімдер енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта «Ауыл құтқарушылары» бастамасы қолға алынды. Жоба аясында кейінгі екі жылда 300-ге тарта өрт сөндіру бекеті құрылды. Нәтижесінде 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылды. Осы игі тәжірибені бүкіл ел аумағында кеңінен қолдану қажет. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс. Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазіргі кезде құтқарушылар жағдайды сараптай білуі, батыл болуы, жедел шешім қабылдап, кез келген қолайсыз ахуалдан жол табуы қажет деп санайды.
– Денені шыңдаумен бірге заманауи технологиялардың тілін білген жөн. Мәселен, ұшқышсыз аппараттардың және автоматтандырылған жүйелердің кеңінен қолданыла бастауы арнайы білім мен құзыретті талап етеді. Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жаңа буынын даярлауда негізгі рөл атқарады. Бұл – тұтас саланың ұстаханасы саналатын еліміздегі бірден-бір жоғары оқу орны. Академия уақыт талабына сай әлемдегі үздік тәжірибелерді қолданып, күрделі құтқару операцияларын зерделеуі керек. Сонымен қатар қазақстандық құтқарушылар мектебінің озық дәстүрлерін нығайта отырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты сақтау қажет. Біздің азаматтық қорғау органдары төтенше жағдаймен күресте елімізде де, одан тысқары жерлерде де кәсібилігімен көзге түсіп жүр, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет өз азаматтарына қай жерде болса да көмек қолын созатынын еске салды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидаттар Конституциямызда көрініс тапқан. Ата заңымызда ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін сақтау, оның құқығын қорғау ең жоғары құндылықтар ретінде қарастырылады. Осы орайда Президент қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын алға тартып, бейқамдық пен салғырттықты кез келген қоғамды артқа тартатын қасиеттер ретінде атады.
– Дегенмен апатқа көбіне адамдардың өзі себеп болатынын мойындау керек. Егер әркім өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындаса, апаттардың алдын алып, адамдардың өмірін сақтауға болар еді. Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс. Қиналған адамға көмек қолын созу – ұлтымыздың болмысына сіңген дағды. Мұны жауапкершілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетіп, бейбіт күнде ерен ерлік жасап жүрген азаматтарымыз нақты ісімен дәлелдеп жүр. Мемлекет осындай адамдарды ешқашан назардан тыс қалдырмайды, оларға лайықты құрмет көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сала мамандары өздеріне жүктелген міндетті адал атқарып, әрдайым ел игілігі үшін қызмет етіп келе жатқанын айтты.
– Жұртымыз құтқарушылардың қажырлы еңбегіне қашанда орасан зор құрметпен қарайды, сіздерді жоғары бағалайды. Бүгін біздің ортамызда ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігі инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтар да отыр. Бұл шын мәнінде әлеуметтік жауапкершілігі жоғары және отаншыл адамдарға тән әрекет екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.
Қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін мына азаматтар марапатталды:
ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен
Базарбаев Қуанар Бекенұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы
Күлдіков Марат Мұхаметқалиұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы;
Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен
Данияр Анри – Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары
Цуркан Алексей Викторович – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бөлімінің бастығы, Ақмола облысы;
«Құрмет» орденімен
Дзауров Тимирлан Мусаевич – «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС бас директоры, Алматы қаласы
Есмаханов Ерік Мейрамбекұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі департаменті директорының орынбасары
Нарзиева Елена Александровна – Төтенше жағдайлар министрлігі Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы;
«Ерлігі үшін» медалімен
Байдекенов Дархан Азаматұлы – «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы
Жалғасов Нұрсұлтан Қойшыбайұлы – Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы
Рысбаев Дархан Әсемқұлұлы – «Алматы қаласы Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы» МКК құтқарушысы
Чеботкин Александр Петрович – «Бурундайавиа» Авиакомпаниясы» АҚ әуе кемесінің командирі, Алматы қаласы;
«Ерен еңбегі үшін» медалімен
Аралбаев Әбдіхамит – «Оңталап» ШҚ директоры, Қызылорда облысы
Ибрагимов Жанат – «Ағайынды» ШҚ директоры, Абай облысы.
Адам өмірін құтқару ісі әлдеқашан жай ғана жұмыс емес, нағыз өмірлік миссияға айналған. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жететін жандардың қатарында Аян Кисамбин де бар. Ол төтенше жағдайлар саласында 18 жылдан астам уақыт бойы абыройлы қызмет етіп келеді.
Еңбек жолын алдыңғы шептен, қарапайым өрт сөндіруші болып бастаған Аян отты стихиямен бетпе-бет келіп, талай сыннан өтті. Батылдығы мен көшбасшылық қабілетінің арқасында уақыт өте Өскемен қаласындағы №9 өрт сөндіру бөлімін басқарды. Кейін Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мамандандырылған жасағына жетекшілік етті.
Бүгінде Аян Өскемен қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары қызметінде жүріп, төтенше жағдайлармен күреске өз үлесін қосып келеді. Осы жылдар ішінде оның қатысуымен өнеркәсіптік ірі кәсіпорындар мен облыс орталығындағы тұрғын үйлерде болған ауқымды өрттерден бастап, болжап білу қиын орманды-дала өрттеріне дейін жүздеген өрт оқиғасы ауыздықталды. Алайда офицер үшін ең үлкен мақтаныш — құтқарылған адам өмірі мен ажал қаупі төнген аймақтан дер кезінде эвакуацияланған адамдар.
Әр өрттің өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен кейбір оқиғалар жадыңда мәңгі сақталады. Биыл Аян Кисамбин үй иесі пәтерін алып қоқыс қоймасына айналдырып жіберген, күрделілігімен ерекшеленген ауыр өртті сөндіру жұмыстарына басшылық етті.
«Плюшкин» пәтеріндегі ірі өртті сөндіру барысында өрт сөндірушілерге 200-ден астам оттегі аппараты қажет болды», — деп әңгімеледі Өскемен қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Аян Кисамбин. «Өртті сөндіруге шамамен 30 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Пәтердің ішіне кіру мүмкін болмады, өйткені үй іші қоқысқа толып, заттардан жиналған үйінділер төбеге дейін жеткен. Жұмысты буын құрамында атқарып, заттарды бір-бірімізге тізбектей беріп отырдық. Түтін қою болғандықтан, көру мүмкіндігі мүлде болмады».
Құтқарушы мамандығы адамның бүкіл өміріне өз ізін қалдырады. Соған қарамастан, Аян жанына жақын істерге де уақыт табады. Оның көптен бергі хоббиі сүйікті кәсібімен тікелей байланысты: ол өрт сөндіру техникасының модельдерін жинайды. Ал қызметте қажетті дене дайындығын қалыпта ұстауға спорт көмектеседі. Аян волейболды белсенді ойнап, ШҚО құтқарушылар құрамасының сапында спорттық жарыстарда ведомство намысын тұрақты түрде қорғап жүр.
Аянның ерекше мақтанышы — отбасы. Үйінде оны артық сөзсіз түсінеді. Өйткені жұбайы Сәуле де Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің диспетчерлік қызметінде еңбек етеді. Ол күн сайын көмекке мұқтаж жандардың қоңырауларына жауап береді.
Кисамбиндер отбасы — ерлік пен адалдықтың, кәсіби жауапкершілік пен өзара түсіністіктің жарасымды үлгісі. Екеуі де күн сайын туған қаласының тыныштығы мен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.
Күн сайын кезекшілікке келіп, өрт сөндірушілер басқаларды құтқару үшін өз өмірлерін қатерге тігуге дайын. Ержүректігі мен борышына адалдығы өмір бойы іске айналғандардың қатарында - Өскемен қаласының №6 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аслан Мұқашев бар. 22 жылдан бері ол құтқарушылар қатарында адал қызмет етіп келеді.
Аслан Мұқашевтың есебінде ең күрделі табиғи өрттерді сөндіру, сондай-ақ тұрғын үйлердегі өрттер кезінде азаматтарды эвакуациялау және құтқару бар. Мәселен, 2026 жылдың наурыз айында бөлімнің байланыс пультіне Қабанбай батыр көшесіндегі көппәтерлі үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер екінші қабаттағы пәтерден қатты түтін тапты.
Аслан Мұқашев тез әрі батыл әрекет етіп, қауіпті аймаққа жеке өзі кіріп, адамды құтқарды. 2026 жылдың қыркүйегінде өрт сөндірушілер Рылеев көшесіндегі жеке үйді сөндіруге барды. Жағдай жалынның лезде таралу қаупімен қиындады.
Қауіптің барлық дәрежесін түсінген бөлім командирі Мұқашев жанып жатқан ғимаратқа кіріп, жарылыстың алдын алып, көрші үйлерді апаттан қорғап, газ баллонын өрттен шығарды.
Жауынгерлік қызметтен тыс Аслан белсенді өмір салтын ұстанады және оның жұмысына қажет физикалық дайындығын көрсетеді. Ол дзюдо және қазақша күреспен айналысып, аудандық және облыстық турнирлерде жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар, құтқарушы жеңіл атлетикамен айналысады және бос уақытының аз бөлігін өзінің сүйікті хоббиі- балық аулауға арнағанды жөн көреді.
Аслан Мұқашев сияқты адамдар - құтқарушылардың жас буыны үшін үлгі. Олардың күнделікті көзге көрінбейтін еңбегі облыс орталығы тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы Құтқарушылар күнін мерекелеу аясында Шемонаиха ауданында Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің аудандық бөлімшелері арасында өрт кроссфиті мен волейболдан жарыстар өтті.
Кроссфитте қатысушылар күш, жылдамдық, төзімділік пен жоғары дене дайындығын көрсетті. Құтқарушылар сынақ жолағынан уақытқа қарсы өтті. Бағыт барынша шоғырлануды, ептілікті және қойылған міндеттерді жылдам орындай білуді талап ететін бірнеше жоғары күрделіліктегі кезеңді қамтыды.
Мұндай жарыстар құтқарушылардың кәсіби даярлығы үшін маңызды мәнге ие. Олар төтенше жағдайларды жою кезінде қажетті дене қасиеттерін жетілдіруге, бөлімшелердің жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығын арттыруға көмектеседі.
Волейбол алаңындағы күрес те кем тартысты болған жоқ. Командалар табандылық, ұйымшылдық және жеңіске деген ұмтылыс танытты. Көрермендер қызықты ойын сәттерін, дәл берілістер мен нәтижелі шабуылдарды көрді. Әрбір матч спорттық шеберлікті ғана емес, командада жұмыс істей білуді де көрсетуге мүмкіндік берді.
Өрт кроссфиті бойынша жарыстардың қорытындысы бойынша бірінші орынды Риддер қаласының МӨСБ-1, екінші орынды ОШҚ ЖАҚ ОӨ, үшінші орынды Шемонаиха қаласының ӨСБ-28 иеленді.
Волейбол турнирінде Зайсан қаласының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды ШҚО ТЖД құтқарушыларының командасы, үшінші орынды «Тарбағатай жастары» командасы алды.
Спорттық іс-шаралар бөлімшелер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, салауатты өмір салтын қолдауға және командалық рухты арттыруға тамаша мүмкіндік болды.
Құтқарушылар үшін дене дайындығы — жай ғана спорттық жетістік емес, кәсіби шеберліктің маңызды құрамдас бөлігі.
Құтқарушылар күні қарсаңында Глубокое ауданында мектеп оқушылары арасында «Жас құтқарушылар – 2026» аудандық жарысы өтті. Үздік атану үшін 11 мектептен келген командалар бақ сынасып, өздерінің білімін, шапшаңдығын, батылдығын және төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындығын көрсетті.
Жарыс бағдарламасы кедергілерді еңсеруді, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуді, сондай-ақ өрт және басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттерге байланысты тапсырмаларды орындауды қамтыды. Қатысушылар өздерінің практикалық дағдыларын көрсетіп қана қоймай, командада жұмыс істеу, жедел шешім қабылдау және бір-біріне қолдау көрсету қабілеттерін де танытуы тиіс болды.
Оқушылар құтқарушы мамандығының негіздерін арнайы сыныптан тыс сабақтарда меңгереді. Мұндай сабақтар балаларға қауіпсіздік ережелерін тереңірек түсінуге көмектеседі, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретеді және айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастырады.
Бәсекелестік рухқа қарамастан, қатысушылар үшін ең басты нәтиже — алған бағалы практикалық тәжірибе болды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Оралхан Бөкей атындағы мектептің жас құтқарушылар командасы иеленді. Екінші орынды Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектептің оқушылары жеңіп алса, үшінші орын Черемшанка орта мектебінің командасына бұйырды.
Өскемен қаласында құлын шұңқырға түсіп кетіп, өздігінен шыға алмай қалған.
Оқиға орнына келген құтқарушылар жағдайды бағалап, құтқару жұмыстарына кірісті. Қызметкерлердің үйлесімді әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында құлынды шұңқырдан аман-есен шығарып алды.
Бұл оқиға құтқарушылардың көмегі тек адамдарға ғана емес, қиын жағдайға тап болған жануарларға да қажет екенін тағы бір мәрте еске салады.
Біз үшін әрбір өмір маңызды.
ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ ұшқыштары Евгений Гончаров, Замира Мухамедьярова және Ержан Әмірканов санитариялық авиация бригадасының құрамындағы Айгуль Кудербаева, Думан Бакербеков және Назым Бейсенбаева мамандарымен бірлесіп, тікұшақпен медициналық көмекке мұқтаж науқасты шұғыл түрде жеткізді.
Науқасты Катонқарағай ауданынан ШҚО Өскемен қаласындағы медициналық мекемеге жедел жеткізу үшін әуе көлігі пайдаланылды.
Ұшқыштар мен санитариялық авиация мамандарының үйлесімді жұмысы медициналық көмекті уақтылы көрсетуге және адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, шалғай және жету қиын аудандардың тұрғындары үшін аса маңызды.
112 - әрдайым қасыңызда.