
Уфа қаласында ерлер және әйелдер командалары арасында «Достық» Кубогы мен «Алтын шабуыл сатысы» жүлдесіне арналған өрт-құтқару спортынан халықаралық жарыстар өз мәресіне жетті.
Финалдық төртінші кезең «жауынгерлік қанат жаю» сайыс түрінде өтті. Қазақстан Республикасының ТЖМ ерлер ұлттық құрамасы 23,37 секунд нәтижемен мәреге жетіп, құрметті екінші орынды иеленді. Бұл – жаңа ұлттық рекорд. Команда құрамына ШҚО ТЖД қызметкерлері Николай Буторин, Максат Романов, Максим Черносвитов енді.
ШҚО ТЖД спортшысы Валерия Поволодская Қазақстан әйелдер құрамасында өнер көрсетті.
Барлық кезеңдердің қорытындысы бойынша қазақстандық ерлер командасы екі қола және бір күміс медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан Республикасының ерлер және әйелдер құрамалары төртінші орыннан көрінді.
«Бұл нәтиже – тек қажырлы еңбегіміздің жемісі ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы өрт-құтқару спорты үшін үлкен алға жылжу. Біз халықаралық аренада көшбасшылыққа таласа алатынымызды көрсеттік», – деді «Қазақстанның өрт сөндірушілері мен құтқарушыларының спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Даурен Данаев.