
ШҚО ТЖД қызметкерлері "Бірыңғай өрт қауіпсіздік күні" акциясы аясында өскелең ұрпақты кең ауқымда оқытуды ұйымдастырды.
Әртүрлі сабақтар, интерактивті дәрістер, оқу бейнероликтерін көрсету, өрт кезіндегі қауіпсіздік ережелерін іс жүзінде пысықтау өткізілді. Жалпы, облыс бойынша шамамен 4000-нан артық бала мен оқушы қамтылды.
Құтқарушылар балалар радиосына барып, бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге түсінікті тілде өрттің алдын алу ережелерін түсіндірді. ТЖ қызметкерлері "иіс газын анықтайтын құрылғымен" бірге оқушыларға арналған сабақтарға қатысып, иіс газының қаншалықты қауіпті екенін және одан қорғайтын ақылды құрылғыны үйге орнату қажеттігін креативті түрде жеткізді.
Сондай-ақ, осы күні балалармен викториналар мен ойындар өткізілді. Ата-аналарға онлайн режимде тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, пеш жағу мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалану жөнінде
ұсыныстар берілді. Сондай-ақ, құтқарушылар балаларға арналған қуыршақ театрының қойылымын ұйымдастырып, кейіпкерлер арқылы өрт қауіпсіздігі қағидаларын қызықты түрде түсіндірді.
Ашық есік күндері өткізіліп, жас қонақтарға өрт түрлері, олардың алдын алу жолдары мен құтқарушы мамандығының ерекшеліктері жайында айтылды. Мектеп оқушылары өрт сөндіргішті қолдануды тәжірибеде меңгерді.
Өткізілген кешенді іс-шаралар балалар, ата-аналар мен мұғалімдердің өрт қауіпсіздігі мәселелеріне жауапкершілікпен қарауына және төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етуге дайындығын қалыптастыруға ықпал етті.