
Шығыс Қазақстан облысының ТЖД-де ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов пен еріктілер ұйымдарының қатысуымен кеңес өтті.
Іскерлік кездесуде азаматтық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың міндеттері талқыланды. Әсіресе, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою бағытындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Қазіргі уақытта департамент 29 еріктілер ұйымымен өзара әрекеттесуде. Еріктілердің негізгі көмегі өрттердің алдын алу, мұз үстіндегі қауіпсіздік шаралары бойынша рейдтерге қатысу, әлеуметтік осал азаматтарға көмек көрсету сияқты профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған.
Азаматтық қорғау саласындағы тиімді ынтымақтастықты дамыту мақсатында ШҚО ТЖД ресми сайтында еріктілер қозғалысын азаматтық қорғау органдарында тіркеу үшін өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған.
Сәтті кездесу барысында халықтың түрлі төтенше жағдайлар кезіндегі мәдениетін арттыру, азаматтық қорғау саласында оқыту жұмыстарын ұйымдастыруды жалғастыру туралы шешім қабылданды.