
Өскемен қаласында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «BATYR TEAM» спорт клубының филиалы ашылды.
Клубтың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рашид Блялов пен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің Мемлекеттік бақылау басқармасының аға офицері Әділ Қайрбаев және Бүкілқазақстандық қоян-қолтық ұрыс қауымдастығының бас хатшысы қатысты.
Төтенше жағдайлар министрлігінде жеке құрамның физикалық дайындығын арттыруға және дені сау өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл клуб өңірде қол жекпе-жегі спортын дамытуға және спортшыларды дайындап, оларды республикалық чемпионаттарға қатыстыруға ықпал ететін болады.
Клубта спортшылардың жаттығуларын және дайындықтарын халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Саметаев жүргізеді. Ол қол жекпе-жегі, самбо және «жекпе-жек» спорт түрлері бойынша әлемдік деңгейдегі маман.
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Рашид Блялов атап өткеніндей, ерлер спорт түрлері ежелден бері Қазақстанда жоғары бағаланған. Ер адамның елін қорғауға дайын болуы идеясын халық жақсы түсінген. Бұл дәстүр ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жаңа клубтың ашылуы спортты дамытуға және құтқарушылардың рухын нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.