
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ұжымы отпен күреске 24 жылын арнаған полковник Айдос Нүсіпбаевты құрметпен зейнетке шығарып салды.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов полковник А.Нүсіпбаевты зейнетке шығуымен құттықтап, оның қызметіне жоғары баға берді. Әріптестері Айдос Нүсіпбаевқа мықты денсаулық, сарқылмас энергия және өмірінде таусылмайтын бақытты сәттер тіледі.
Қызметкерлердің арасында кең тараған дәстүр бойынша, зейнетке шығушы қызметкерді “сумен қоштасу” рәсімімен шығарып салды. Бұл рәсімде ұзақ жылдар бойы қызметте жинақталған күйе мен сағаны тазарту мақсатында полковникке су құйылды. Сонымен қатар, өрт сөндірушілер үлкен машиналарынан сиреналарды қосып, оған құрметпен қол соғып, құттықтады.
Айдос Нүсіпбаев қызмет ету жылдарында көптеген өрттерді сөндіріп, жүздеген адамды құтқарып қалуға қатысқан. Оның қызметіндегі маңызды оқиғалардың бірі- 2023 жылы Өскемен қаласында туындаған өрт болды. Онда полковник А.Нүсіпбаевтың басшылығымен 15 адам, соның ішінде 4-уі бала, қауіпсіз жерге көшірілді. 2023 жылы ол май экстракциялық кешенінде болған ірі өртті сөндіру жұмыстарын басқарды, кептіру камерасында салмағы 75 тонна аумағы 81 м2 шемішке тұқымы жанған. 2022 жылы Күршім ауданының Маралды ауылдық округінде табиғи өрттерді сөндіруге жетекшілік етті.
Зейнетке шығу рәсімі — өрт сөндірушілер үшін ең ерекше әрі эмоционалды сәттердің бірі. Бұл рәсім әрдайым әсерлі, қызықты және жүректі тебірентерліктей оқиға болып өтеді.