
ШҚО-да өрт қаупі кезеңінің қорытындылары бойынша 13 орман өрті (1,1 гектар аумақ) және 30 дала өрті (228 гектар аумақ) тіркелген. Бұл туралы ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.
Өрттердің негізгі себептері – найзағайдың түсуі (11 оқиға), күн сәулесінің шыны арқылы сынуынан тұтану (1 оқиға) және тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы (1 оқиға) жатады.
Өртті алдын алу және бақылау мақсатында өңірде азаматтық қорғаныс, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінен құралған 52 мобильді топ жұмыс істеді. Бұл топтар 1 618 рейдтік іс-шара өткізіп, 61 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен және шаруа қожалықтарының өкілдерімен 325 дөңгелек үстел, тұрғындармен 476 кездесу өткізілді, 4 066 нұсқаулық беріліп, 11 ақпараттық баннер орнатылды.
- Маусым және қазан айлары өрттердің пайда болу қаупі жоғары кезеңдер болып есептелді. Маусым айында орман өрттерінің саны көп болса, қазанда шөп өртіне шығу оқиғалары 108-ге жеткен, - деп атап өтті Нұржан Өміржанов.
Өрт қаупі жоғары кезеңде орман алқаптарын қадағалау үшін дрондар мен тікұшақтар пайдаланылды. Бұл өрттің таралу қаупіне жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.
Облыс қалалары мен аудандарында жалпы ұзындығы 3 330 км минералданған жолақтар құру және күтіп ұстау бойынша жұмыстар уақытында жүргізілді. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі бөлімшелері жоқ елді мекендерде әкімдіктер 47 өрт сөндіру бекетін ұйымдастырды.
«2024-2025 жылдарға арналған ауылдық өңірлерде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспары» аясында Алтай ауданының Малиевск ауылында және Самар ауданының Аққала ауылында қосымша өрт сөндіру бекеттері ашылды. ШҚО-ның бес ауданында (Ұлан, Шемонаиха, Зайсан, Глубокое және Тарбағатай) қоғамдық бірлестіктер түріндегі ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмыс істеді.