
Жүректілік пен батылдылықты талап ететін ең қауіпті мамандық иелері – өрт сөндірушілер. Олар үнемі өмір мен өлім арасында арпалыста жүреді. Біз оларды бейбіт күннің батырлары десек те артық айтқанымыз емес. Оранған қызыл отқа, қарғын суға түсіп адам өміріне араша болуда алғашқы көмек көрсететін құтқарушылардың әрбір еңбегі ерлікпен тең. Өз кәсібін абыройлы да жауапты мамандық деп санайтын біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы салада үзбей 20 жылға жуық адал қызметін атқарып келе жатқан аға сержант,ардақты әке,қамқор аға,ізетті іні бола білген Кезенбаев Болат Қадырұлы. Болат Қадырұлы 1982 жылы 24 мамырда Самар ауылында дүниеге келген. 1998-2000 жылдары Отан алдындағы борышын өтеп, 2003-2005 жылдары – Өскемен қаласында қызмет атқарды. 2008 жылдан бастап Самар ауылында орналасқан №32 өрт сөндіру бөлімінде үздіксіз қызмет етіп келеді. Жастайынан спортты серік еткен кейіпкеріміз,осы саланың ең мықты тұсы - ол физикалық дайындық екенін дәлелдеп келе жатыр. Жеңіл атлетика,армрестлинг,футбол сияқты спорт түрлерін жетік меңгерген.Әр-түрлі спорттық жарыстардың жеңімпазы.Сонымен қатар,жыл сайынғы өтетін наурыз мерекесі қарсаңында столбқа еркін шығып,жүлделі сыйлықтардың иесі атанған. Жігітке жеті өнер де аз демекші,айта берсе Болат Қадырұлының жақсы қырлары өте көп. Отбасында үш баласын тәрбиелеп отырған қамқор әке. Әріптестерінің пікіріне сүйенсек,Болат Қадырұлы ұжымда өзіндік орыны бар,адамдармен жақсы тіл табысатын,батыл,өжет,адал қызметкер. Қызмет атқару кезінде өзін кәсіби сауатты және жауапкершілігі мол қызметкер ретінде таныта білген. Сондай-ақ, жас мамандарды өздерінің кәсібін құрметтеуге, өрт сөндіру техникасына, құралдарына және бөлім теңгеріміндегі мүліктерге ұқыпты қарауға үйретеді. Ерен еңбегі мен қаһармандығының дәлелі ретінде оның кеудесіне тағылған орден, медальдары. Міне,осындай ауыр да,жауапты еңбек жолында тынымсыз қызмет етіп жүрген жерлесімізді мақтан тұтамыз! Өрт қауіпсіздігін сақтауға келгенде салғырт қарайтынымыз жасырын емес. Мұны өрт сөндірушілердің дамылсыз жұмысынан аңғаруға болады. «Мен қоғамда адал, батыл,ақылды және мейірімді адамдар арасында өзімді жайлы сезінемін. Өмірдегі ұраным: «Адалдықты ту ету!» Мен өз кәсібімді таңдағаныма ешқашан өкінбеймін.Тосыннан келетін тілсіз жауға қашан да дайынбыз,» дейді Болат ағамыз. Ендеше,отбасыңызға амандық,еңбегіңізге шабыт тілейміз! Бейбіт күннің қаһармандары аман болсын!