
Осы мәселелер туралы Өскеменнің жабдықталмаған шомылу орнында жүргізілген акция барысында демалушыларға құтқарушылар мен Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты ай қоғамы Шығыс Қазақстан филиалының қызметкерлері айтып берді.
Шығыс Қазақстанда жаздың басынан бері 22 адам суға батып кетті, оның ішінде 8-і 17 жасқа дейінгі балалар. Барлық суға батып кеткендер рұқсат берілмеген орындарда шомылған. Олардың кейбірін оқиғаның куәгерлері құтқармақ болды, алайда көбісі сәтсіз еді. Шығыс Қазақстанның құтқарушылары демалушылардың назарын суда құтқару ережелері мен алғашқы көмек көрсетуге аударды.
Суға батқандарды құтқаруға талпынатын адам көбінесе жақсы жүзе білем деп ойлайды, алайда суға тұншығып жатқан адам байбалам салып, өте қауіпті екендігін ескере бермейді. Осындай қос трагедияны болдырмас үшін құтқарушылар судағы адамды құтқарудың негізгі тәсілдерін көрсетті.
«Суға тұншығып жатқан адамды құтқарудағы ең қауіпсіз тәсіл – ол су бетінде қалқып тұратын зат лақтыру. Егер оған мүмкіндік болмаса немесе адам жағадан алыс болған жағдайда өзіңізбен бірге тұншыққан адам ұстап алуы үшін зат алып жүзіңіз, мысалы үрленген матрас. Байбалам салып тұрған кез-келген затқа қарманады, сондықтан ондай зат өте қажет, себебі сіз қармақ болып қалуыңыз мүмкін» - дейді құтқарушылар.
Құтқарушылар суда зардап шеккендерді жағаға жеткізу тәсілдері мен ережелерін көрсеті.
Қазақстан Республикасы Қызыл Жарты ай қоғамы Шығыс Қазақстан филиалының қызметкерлері зардап шеккенді жағаға жеткізгеннен кейін алғашқы көмек көрсету жолдарын көрсетті. Атап айтқанда, тұншыққан адамды құстыру қажет. Құсқан кезде адам босаңсиды, ол дегеніміз адам тірі. Сондықтан да ол бүкіл сұйықтықты құсып болған соң қырынан жатқызып, үстін жауып қою қажет.
Егер де құсу рефлексі болмаса тірілту процедурасын орындау қажет.
«Зардап шегушіні шалқасынан қатты жерге жатқызыңыз. Қолды бүкпестен төсіне қолды қойып көмек көрсетуді бастаңыз. Бүкіл дене салмағымен жарты секундта бір рет кеуде тұсын басу керек. Кеудені басқан кезде ауыздан ауызға дем беру арқылы өкпені қолдан тыныс алуды кезектесе орындаңыз. Ол үшін зардап шегушіні басып шалқайтып, мұрынды қысып, аузына ауа жіберу қажет. Қажетті жиілік – 30 рет басу және 2 рет үрлеу. Тірілту іс-әрекетін жедел жәрдем келгенше, немесе тамыр соққанша және тынысы пайда болғанша орындау қажет» - деп Қызыл Жарты ай қоғамының қызметкері Шолпан Қасенова толық мәлімет айтып қана қоймай, барлық іс-қимылды манекен арқылы көрсетті.
ШҚО ТЖД Азаматтық қорғау басқармасы мен Өскемен қаласы ТЖ басқармасының қызметкерлері демалушыларға жадынама таратып, судағы басты ережелерді естеріне салды.
Демалушылар құтқарушылар мен Қызыл Жарты ай қызметкерлерінің барлық іс-қимылдарын жіті бақылап, кейбірі тіпті манекенде «тірілтіп» көрді.
ШҚО ТЖД