Уақтылы ыстан тазаланбаған мұржа екі баланың ауруханаға түсуіне себепкер болды

Уақтылы ыстан тазаланбаған мұржа екі баланың ауруханаға түсуіне себепкер болды

2023 жылғы 16-қарашада 2009 және 2012 жылдары туған екі бала иіс тиіп «Ана және Бала орталығы» ауруханасына  түсті. Аталмыш оқиға Ұлан ауданындағы Восточное ауылында жеке тұрғын үйде орын алған. Иіс тиюге себеп - мұржаның ыстан уақтылы тазаланбауы болды.

Ағымдағы жылы оқыс оқиға болғанға дейінгі уақытта ШҚО ТЖД қызметкерлері  үйдің иесіне жылыту пешін орнату және  пайдалану бойынша өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын. Жылыту маусымы басталғаннан бері азаматтық қорғау қызметі аймақтағы 83000  тұрғын үйді аралап, өрт және оқыс оқиғалар фактілерін болдырмау мақсатында,  тұрғындарға  қауіпсіздік ережелері бойынша нұсқаулықтар өткізді. ШҚО ТЖД тұрғындардан осындай қателіктерге жол бермеулерін сұрайды. Жылыту пешін пайдалану кезінде өте сақ болу керек. Иіс тиюге негізгі себеп - пештің ысырмасын жауып қою, мұржаның түтінді дұрыс тартпауы, пештегі жарықтар мен саңылаулардың болуы, мұржаның күлге толып кетуі.

«Өз пештеріңізге қарап, тексеріп отырыңыздар. Оны жарамды күйде ұстаңыздар, дер кезінде мұржаны күл мен ыстан тазартып, саңылауларды бітеңіздер. Пеш жағулы кезде балаларды жалғыз үйде қалдырмаңыздар" – деді ШҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау Басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.