
ШҚО ТЖД құтқарушылары «Дарынды балаларға арналған валеологиялық мамандандырылған мектеп-кешені» тәрбиеленушілерімен акция өткізді. Балалар жер сілкінісі кезінде өзін қалай ұстау керектігін білуі үшін ШҚО ТЖД мамандары алғашқы дүмпулер кезіндегі мінез-құлық ережелерін қолжетімді түрде айтып берді. Бөлмеде қауіпсіз орындар бар екенін білу маңызды, құтқарушылар оларды бөлменің бұрыштарына, ойықтарға, ішкі негізгі қабырғаларына орналастырылған «қолшатыр» түріндегі жарқын белгімен белгілеуге кеңес берді.
Алған білімдерін балалармен бекіту үшін сейсмикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Оның барысында балалар құтқарушыларға «Қауіпсіздік қолшатырларымен би» флеш-мобын көрсетіп, қауіпті дүмпулер кезінде орындарды өз бетінше анықтауды үйренді.
ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының кинологиялық қызметі балаларды «Гель» атты төрт аяқты құтқарушымен таныстырды және жоғалған немесе үйіндіде қалған адамдарды іздеудің қалай жүргізіліп жатқанын анық көрсетті.