
Шомылу маусымы басталғаннан бері Шығыс Қазақстанда 6 адам суға батып кетті.
ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов атап өткендей, барлық жазатайым оқиғалар шомылуға жабдықталмаған жерлерде шомылу кезінде болған. Қайғылы жағдайлардың себептері жүзу кезінде және мас күйінде өз күштерін асыра бағалау болып табылады.
ШҚО ТЖД қызметкерлері шомылу маусымы басталғаннан бері еріктілермен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты негізде профилактикалық рейдтер жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда 5000-нан астам демалушы қамтылды, оларға су айдындарында жүріс-тұрыс ережелері түсіндірілді. Жазғы кезеңнің басынан бастап патрульдеу барысында құтқарушылар 7 демалушыға көмекке келіп, олардың өмірін сақтап қалды.
Полиция қызметкерлерімен бірлесіп 76 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 26 жеке тұлғаға ескерту жасалды (ӘҚБтК 364-бабы), 6 азамат су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзуға жол берген ӘҚБтК 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін - 34 адам (ҚР ӘҚБтК 440-бабы) және кемелерді, оның ішінде шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 10 жеке тұлға (ҚР ӘҚБтК 582-бабы).
ШҚО ТЖД аймақ азаматтарын судағы тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
- Тыйым салу белгілеріне назар аударыңыз және тек жабдықталған жағажайларда жүзіңіз
- Балаларды су қоймаларында қараусыз қалдырмаңыз
- Қалтқыларды асып жүзбеңіз
- Масаң күйде суға түсуге жол бермеңіз
Су қателікті кешірмейді!
Төтенше жағдайлар кезінде "112"нөмірі бойынша хабарлау қажет.