
"Звезда" кемесінің капитаны Александр Бахарев пен рульдік-моторист Андрей Денисенко жолаушылармен бірге Ертіс өзенінің бойындағы "Самал саябағы - "Өзен вокзалы" тұрақты бағыты бойынша келе жатты.
Суда қайықпен жүзіп аударылып қалған әйел мен ер адамды байқай салысымен, бірден әрекет етіп, кемеден құтқару шеңберін лақтырып, апатқа ұшыраған адамдарды суық судан шығарып алды.
Белгілі болғандай, олар су айдынында жүзіп жүрген, еркек қайыққа ие бола алмай қалған соң қайық аударылып қалған.
Бір жақсысы екеуі де құтқару кеудешелерін киген екен.
ШҚО ТЖД халыққа судағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін еске салады. қайыққа отырған кезде құтқару кеудешелерін киюді ұмытпаңыз. Жүзу құралын шамадан тыс жүктемеңіз.
Қолайсыз ауа-райында және қатты желде өзендер мен көлдерге жүзу құралдарымен шықпаңыз.
Төтенше жағдайлар кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет.