
Облыста 1 қыркүйектен бастап шомылу маусымы ресми түрде аяқталды. Құтқарушылар қорытынды жасады. Жазғы кезеңде ШҚО ТЖД қызметкерлері 14 адамды, оның ішінде 2 баланы суда құтқарған. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен, полициямен, волонтерлік ұйымдармен бірлесіп күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізді. барлығы 2340 рейд жүргізіліп, 304 – ескерту және тыйым салу белгілері, 130 – көрнекі стендтер орнатылды. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша патрульдеу үшін Самар ауданында, Күршім ауылында және Көгілдір бұғаз кентіндегі Бұқтырма су қоймасында мобильді бекеттер жұмыс істеді. Сондай-ақ, Өскемен қаласының аумағына қызмет көрсететін жылжымалы бекеттер қойылды.
ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбековтың мәліметінше, жаз мезгілінде су айдындарында 7 азамат суға батып кеткен. Статистика көрсетіп отырғандай, оқиғалар көп жағдайда адамның өз кінәсінен, шамадан тыс өзіне деген сенімділіктің, өз күштерін асыра бағалаудың, судағы жүріс-тұрыс ережелерін ескермеудің, тыйым салынған және таныс емес жерлерде шомылудың, алкогольдік масаң күйде болудың нәтижесінде орын алған. Суға батқандардың барлығы 18-46 жас аралығындағы ер адамдар болды. Оқиғалар негізінен демалыс күндері тіркелген. Ең көп жағдай, 7-нің 2-і Ұлан ауданындағы көлдерде болды. Шомылу маусымы басталғаннан бері адамдардың көпшілік демалатын орындарында 189 бұзушылық анықталды: 364-бап "ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу" бойынша 80 адам, 440-бап "алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде болу" бойынша 75 азамат жауаптылыққа тартылды. "Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау" 412-бабы бойынша 1 адам және "кемелерді, оның ішінде шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ құқығы жоқ адамдарды басқару" 582-бабы бойынша 33 адам тартылды.