Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен суда құтқарғаны үшін «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медальдарымен және Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтың Құрмет грамоталарымен суға батып бара жатқан катерден жолаушыларды құтқарған жігіттер марапатталды. Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісов марапаттарды Асқар Сайлаубаевқа, Дәулет Сайлаубековке, Дамир Мұхамадиевке, Сұлтан Тайжановқа табыс етті.
17 шілде күні сағат 19 шамасында Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасында, «Аюда» демалыс базасынан 3 шақырым жерде, 20 м/с-қа жететін қатты желдің нәтижесінде дауыл соғып, жергілікті жолаушылар кемесі батып кетті. Демалушылар Асқар Сайлаубаев, Дәулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев, Сұлтан Тайжанов өздерінің гидроскутері мен катерінде оқиға орнына жетіп, бірінші кезекте салдағы балаларға судан шығуға көмектесті. Олар 2 рейс жасағаннан кейін, барлық азаматтарды жағаға жеткізді.
«Жағдайды бағалауға уақыт болмаған осындай шұғыл жағдайда, Сіздер сауатты, салмақты және жедел әрекет жасадыңыздар, батылдық пен батырлық көрсеттіңіздер, соның арқасында көптеген адамдар құтқарылды» - деп тапсыру рәсімінде Ерлан Нұрпейісов атап өтті.