
Алда жүзу маусымы келе жатыр. «Қазақстандағы балалар жылы» және өскелең ұрпақты қауіпсіздік шараларына дайындау мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары Өскемен қаласының «№29 қосымша білім беру мектеп-орталығының» педагогтарымен бірлесіп облыстық турнир ұйымдастырды.
Оған 40-тан астам оқушы қатысты. «Іс - шара қалалық бассейн базасында (ФОК) ТЖ қызметі қызметкерлері мен Апаттар медицинасы орталығы дәрігерлерінің жіті назарында өтті», - деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Турнирде қатысушыларға 25 метр қашықтығын еркін стильде жүзу арқылы жылдам өтуге, зардап шегушіні тасымалдауға, құтқару құралдарымен жүзуді және батып бара жатқан адамға дұрыс көмек көрсетуге тура келді.
1 - орынды Өскемен қаласының «№29 қосымша білім беру мектеп-орталығының» оқушылары, 2 - орынды Семей қаласының шығыс-технологиялық колледжінің командасы, 3 - орынды Өскемен қаласының №23 мектебінің оқушылары иеленді.
ШҚО ТЖД және Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері суға батып бара жатқан адамды құтқару бойынша практикалық сабақ өткізді, адамды «судан тұншығудан» аман алу бойынша алғашқы іс-қимылдар туралы айтып берді.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі