Ауа-райының қолайсыздығына байланысты ШҚО құтқарушыларының көмегі қажет болды

Ауа-райының қолайсыздығына байланысты  ШҚО құтқарушыларының көмегі қажет болды

Ұлан ауданында Тройницкое ауылында ер адамға шұғыл медициналық көмек қажет болды, өйткені аймақта боран соғып, осы бағыттағы жолдар жабылып қалған болатын. ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері ауа-райының қолайсыздығынан жол талғамайтын "Трекол" техникасымен оқиға орнына шықты. Көрші Каменка ауылында қан қысымы жоғарылап кеткен қарт әйелге дәрігерлердің көмегі қажет болды. Құтқарушылар ер адам мен қарт әйелді Таврия ауылындағы орталық аудандық ауруханаға жеткізді. Көкпекті ауданында Шұбарқайың ауылының маңында тас жолда қар құрсауында 1 көлік жүргізушісі тұрып қалған. Ол көмек сұрап ТЖ қызметіне жүгінді. Оқиға орнына 51-ӨБ қызметкерлері келіп ер адамға қар құрсауынан шығуға көмектесті және көлікті жүргізушісімен жақын маңдағы ауылға жеткізді. ШҚО ТЖД азаматтарды дауылды ескерту және ауа-райының қолайсыздығы, аймақтағы жабық трассалар туралы алдын ала ескерткен болатын. Азаматтарға құтқарушылардың ұсыныстарына немқұрайлы қарауына болмайды. Ешқандай жағдайда боран соққан кезде елді мекендерден кетпеңіз. Ауа райы жайлы "Дәрмен" мобильді қосымшасынан біле аласыз. Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарласуға болады. ШҚО ТЖД баспасөз қызметі