
20 наурызда құтқарушылар Риддер қаласының тұрғынын жертөледен алып шықты. Спортивная көшесіндегі гараждың жертөлесіне түсіп кеткен күйеуін алып шығуға көмек сұраған әйелден хабар келді. Оқиға орнына келген 1-МӨСБ қызметкерлері ер адамды ақырындап құтқару арқандарының көмегімен жертөледен шығарып, жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды.
Сол күні Өскеменде Космическая көшесінде тұратын
әйел адам Төтенше жағдайлар қызметінен көмек сұрады, өйткені ол ісінген саусағынан сақинаны өз бетінше шеше алмады. ШҚО ТЖД қызметкерлері тұрғынға көмектесті.
21 наурызда Өскемен қаласында Протозанов көшесінде ер адам өзіне-өзі қол жұмсамақ болған, ШҚО ТЖД қызметкерлері дискпен кесетін құралдың көмегімен гараждың жабық қақпасын ашып, ер адамды ауаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Жағдай былай болған, ол гараж есігін жауып, автокөлігін қосып қойған.
21 наурызда Семей қаласында кішкентай баланың ата-анасы 112 қызметінен көмек сұрады. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар баланың саусағы пластикалық қақпақтың ішінен шықпай қалғанын анықтады. Шанц құралдарының көмегімен мамандар қақпақты мұқият кесіп, баланың саусағын шығарып алды.
Құтқарушылар жедел әрекет еткен тағы үш жағдай есіктердің ашылуымен және қарт адамдарға көмек көрсетумен байланысты болды.
ШҚО ТЖД қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды еске салады.
Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі