
Өскеменде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен өрт кезінде әйелді құтқарған, үш жігітті марапаттады. 12 наурызда Протозанов көшесіндегі үйдің 9 қабатындағы пәтерде өрт шықты. ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі келгенге дейін, сол маңда кездейсоқ болып қалған үш дос, пәтерден шығып жатқан қалың түтінді көріп, бар күшімен балконның шетінен ұстанып тұрған әйелді байқап қалады.
Берік Сағымбаев, Дарын Жәнібеков, Бектемір Әлібеков еш ойланбастан, көмекке жүгіреді. Кіреберіске жүгіріп кіріп, от жалындаған сол пәтерден бір қабат төмен орналасқан көрші пәтерге кіріп, балконға шығып, соңғы сәтте Берік Сағымбаев әйелді алып шығады. Оған оның достары Дарын мен Бектемір көмектеседі. Медициналық колледжде оқитын Дарын, қорқып кетіп, жылап отырған әйелге алғашқы көмекті көрсетеді. Одан соң олар кіреберістегі барлық пәтерлерді аралып шығып, тұрғындарға өрт туралы айтып, тез арада қауіпті аймақтан кетулерін хабарлады.
Достар, азаматтардың қауіпсіздігі үшін және барлығын дұрыс жасағандарына көздері жеткен соң ғана, өздері жайлы еш ақпарат қалдырмастан, тездетіп өз жұмыстарына кетті. Күн өткен соң ШҚО ТЖД құтқарушылары батырларды іздеп тауып, алғыс хаттармен марапаттады.
Балалар нағыз батырлар, олардың іс-әрекетінің арқасында адам құтқарылды және шұғыл түрде адамдарды эвакуациялау жүргізілді.
Берік Сағымбаев – ЖК, Дарын Жәнібеков – медколледждің студенті, Бектемір Әлібеков – «Өскемен жылу желілері» АҚ қызметкері.