
Өскемен қаласы полиция басқармасының "102" жедел арнасына әйел адамның Үлбі өзеніне батып бара жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген Өскемен қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының полиция инспекторы Жандос Есіркепов жағалаудан 3 метр қашықтықтағы жұқа мұз үстіндегі әйелді көріп, көмекке ұмтылған. Ол оған құтқару шеңберін лақтырып, әріптесі Мейірхан Рақышевпен бірге әйелді судан алып шыққан. Оқиға орнына ШҚО ТЖД Мамандандырылған жасағының құтқарушылары келіп әйелді арнайы автокөлікке жеткізіп, оған жылы киім мен аяқ киім берген. Содан кейін зардап шеккенді тоңазу белгілерімен тез арада жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
ШҚО ТЖД су қоймаларының жанында қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды. Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарлаңыз