
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. ШҚО ТЖД құтқарушылары мен өрт сөндірушілері арасында 79 көпбалалы отбасы бар. Олардың ата-аналары өңіріміздің және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, аяулы ана, қамқор әке де бола білуде.
Ең үлкен отбасы Өскемен қаласының № 4 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Айдар Булекпаевтың отбасы. Ол 6 ұл тәрбиелеп отыр, ең кіші ұлы Мағжанға 10 ай. Жұбайы Аяулым қазір декреттік демалыста, мамандағы медицина қызметкері. Үйдің барлық щаруасын атқарып қана қоймай, 6 жігіттің тәрбиесімен де айналысады. Арқа сүйер азаматы Айдар қашан да қасынан табылады. Айдар азаматтық қорғау жүйесінде 2005 жылдан бастап қызмет атқарып келеді, ол 100 ден атық өрт сөндіруге қатысқан.
«Кей біреулер бос уақытын балық аулау немесе аңға шығумен өткізсе, мен бос уақытымды тек отбасым мен балаларыма арнаймын. Менің әке ретіндегі басты міндетім, ұлдарымды жақсы азамат етіп тәрбиелеу. Біз өзіміз тұрғызған үйде тұрамыз, үлкен дастархан басында жиналғанды және қонақ күткенді ұнатамыз. Ұлдарым өсіп келеді, әке жолын қуып құтқарушы болғылары келеді», - деді Айдар.
Семей қаласының ТЖБ Азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы Қымбат Көпбаев 5 бала тәрбиелеп отыр. Подполковниктің отбасында 4 ұл және 1 қыз бала бар. Үлкен ұлы Жанмұхаммед – 11 жаста, кіші қызы Мариям – 3 жаста.
«Индирамен 2009 жылы отбасы құрдық. Ол да ТЖ саласында қызмет атқарып, майор атағымен зейнетке шықты. 13 жыл ішінде біз ең бақытты, балаларға бай ата-ана болдық. Үлкен балалар кішілерді тәрбиелуге көмектеседі. Қиын жағдайда әрқашан қасымыздан табыламыз. Демалыстарымды отбасыммен бірге өткіземін. Бұл ең қымбат кездерім.», - деді Қымбат Көпбаев. Жұмысымның киындығына қарамастан, балаларымның барлығын перзентханадан шығаруға өзім бардым. Барлығымыз өзіміз тұрғызған үлкен үйде тұрамыз. Балалардан басқа тағы бір отбасы мүшесі бар, ол Инга атты ит.