
Өрт түнде Екпін ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінің аумағында басталды. 175 тонна орамада жиналған шөп жанып жатыр. Өртті сөндіруге шаруа қожалығынан 3 өрт сөндіру автомобилі мен жеке құрамнан 8 адам, 1 трактор жұмылдырылды. 07 сағат 52 минутта өрттің тежелгені туралы жарияланды. Өрт сөндірушілер оқиға орнында жұмысын жалғастыруда. Өрттің шығу себебі анықталуда. "Өрттің алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларымен және жұмыскерлерімен, саяжай алаптарының тұрғындарымен тұрақты негізде нұсқаулықтар, жиындар өткізіледі, үгіт материалдары таратылады", - деді ШҚО ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ бастығының орынбасары Болат Нұрдыбаев. ШҚО ТЖД ескертеді: - Кебендерді орналастыруға арналған алаңдарды периметрі бойынша ені кемінде 4 метр жолақпен жырту қажет. - Жыртылған жолақтың шетінен бастап алаңда орналасқан кебенге дейінгі қашықтық кемінде 15 метр, ал жеке тұрған кебенге дейін кемінде 5 метр болуы тиіс. - Мая табанының ауданы 150 шаршы метрден, ал престелген шөп қатарының ауданы 500 шаршы метрден аспауы тиіс. - Жеке қатарлар, бастырмалар мен кебендер (маялар) арасындағы өртке қарсы қашықтық кемінде 20 метр болуы тиіс. - Ірі жемшөптер қатарлары байланыс желілерінің осіне дейін кемінде 15 метр, ғимараттарға, құрылыстар мен орман екпелеріне дейін кемінде 50 метр қашықтықта, бөлінген белдеулер мен темір жолдардың күзет аймақтарынан, автомобиль жолдарының жол бойындағы белдеулерінен және әуе электр беру желілерінің күзет аймақтарынан тыс жерлерде орналастырылады. - Пішенді көлікпен тасымалдау кезінде оның биіктігі 4,5 метрден аспауы тиіс.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі