
Астық ору кезінде оған қатысып жатқан техникалардың көбінесе астық жинауға арналған комбайндардың өртену фактілері жиі түрде тіркеліп тұрады. 2019 жылдың 25 қыркүйегінде күнбағыс ору кезінде ауданның шаруа қожалықтарына тиеселі комбайнның ішінде өрт шыққан. Өрттің шығу себебі комбайнның сабан толтырғышының уақытында шаңнан тазартылмауы болғаны анықталды.
Астық жинау кезеңi басталмас бұрын, оған жұмылдырылған барлық тұлғаларға өртке қарсы нұсқаулықтан өту қажет, ал жинау агрегаттары мен автомобильдерi алғашқы өрт сөндiру құралдарымен (комбайндардың барлық типтерi – екi өрт сөндiргiшпен, екi iстiк күрекпен және екi сыпырғышпен, тракторлар – бiр өрт сөндiргiшпен, бiр iстiк күрекпен), дұрыс ұшқын сөндіргіштерiмен жабдықталады және қоректендiру, оталдыру және майлау жүйелерi реттеледi.
Масақты егiн пiсер алдында олардың орман алқаптарына, дала жолағына, автомобиль және темiржолдарға iргелес жерлерiнде енi кемiнде 4 метр жолақ шабылады және жыртылады.
Дәндi дақылдарды жинауды астық алқаптарын алаңы кемінде 50 гектар учаскелерге бөлуден бастау қажет. Учаскелердің арасына ені кемінде 8 метр шалғы жолы жасалады. Шалғы жолынан шабылған астық дереу жиналады. Шалғы жолының ортасында енi кемiнде 4 метр жер жыртылады.
Уақытша қыр орындарын астық алқаптары мен қырманға кемінде 100 метр алшақ жерге орналастырылады. Қыр орындарының, астық қырмандары алаңшаларының енi кемiнде 4 метр жолақ етіп жыртылады.
Көлемi 25 гектардан астам жиналып жатқан астық алқаптарына тікелей жақын жерлерде өрт шыққан жағдайда өртенген аймақты жыртуға арналған соқасы бар трактор дайын тұруы керек.
Астық қырмандарын ғимараттар мен құрылыстарға 50 метр, ал астық алқаптарына – кемiнде 100 метр алшақ орналастыру керек.
Далалық жағдайларда сақтау және мұнай өнiмдерiн құю кеуiп қалған шөптен, жанғыш қоқыстан тазартылған және енi кемінде 4 метр жолақ жыртылған немесе қырманнан, мая шөп пен сабандардан, астық алқаптарынан 100 метр қашықтықта және құрылыстардан кемінде 50 метр қашықтықта жыртылған жерде арнайы бөлiнген аудандарда жүзеге асырылады.
Дәнді дақылдарды жинау және азық дайындау кезеңінде:
1) тракторлардың, қақпақтары жоқ немесе қақпақтары ашық автомобильдер мен өзi жүретiн шассилердiң жұмыс iстеуiне;
2) қозғалтқыштардың радиаторларындағы шаңды күйдiру үшiн дәнекерлейтiн лампаларды қолдануға;
3) далада түнгi уақытта автомашиналарға жанар-жағар май құюға жол берiлмейдi.
Қозғалтқыштардың радиаторлары, битерлердiң, сабан толтырғыштардың, транспортерлер мен жинағыштардың бiлiктерi, шнектер мен басқа да тораптар және жинау машиналарының бөлшектерi шаңнан, сабаннан және дәндерден тазартылады.
Көкпекті ауданының ТЖБ.