
Жергілікті атқарушы органдар мен ШҚО ТЖД мамандары көктемде судың жоғары болуына әсер етуі мүмкін негізгі факторларға, атап айтқанда қар жамылғысының мөлшері мен топырақтың қату тереңдігіне тұрақты мониторинг жүргізеді.
"Қазгидромет" РМК филиалының ақпараты бойынша Шығыс Қазақстандағы қар жамылғысының биіктігі шамамен 7 см-ден 56 см-ге дейінгі аралықта орналасқан. Қар ең көп мөлшерде Үржар ауданында, ең аз мөлшерде Абай ауданында жауған.
Алтай, Күршім, Катонқарағай, Абай, Зайсан, Көкпекті, Бородулиха, Бесқарағай аудандарында топырақтың қату тереңдігі бір метрден астам екені байқалады.
Алтай ауданында, Катонқарағай, Күршім және Үржар аудандарында топырақтың қату тереңдігі 2018 жылға қарағанда терең. 2018 жылдың көктемінде топырақтың қатуының тереңдігі көктемде жауған жауын-шашынмен және жоғары температуралық фонмен бірге облыстың барлық аумағындағы жер үсті ағысының шамасына елеулі әсер етті.
Өткен жылдардағы деректерді бақылау және салыстыру халықты хабардар ету және апаттық қызметтерді әзірлікке келтіру үшін су тасқынының ықтималдығын болжауға көмектеседі.
Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында көп жылдық синоптикалық болжам бойынша облыс өзендеріндегі су тасқыны әдетте наурыздың екінші онкүндігінен басталып, маусымның екінші онкүндігінің ортасына дейін жалғасады. Өзендердегі су деңгейінің көтерілу қарқындылығы және беткейлік ағындардың пайда болуы ауа температурасының күрт көтерілуіне және жаңбыр түріндегі жауын-шашынға байланысты артуы мүмкін.
Аса қауіпті жағдайлар су айдындарының жанында заңсыз құрылысы бар аудандарда қалыптасуы мүмкін. Су көтерілгеннен кейін ғимараттарды су басады, бұл су объектілерінің жанында рұқсатсыз құрылыс салған адамдарға материалдық шығындар әкеледі.
Төтенше жағдайлар департаменті халыққа қазірден бастап:
- аула аумағын қардан тазалау бойынша уақтылы жұмыстар жүргізуді;
- үйлерге жақын орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын қалдықтармен және пеш күлімен ластамауға, оларды тазалауға;
- үй маңындағы аумақты бекіту үшін инертті материал мен қаптарды дайындауды кеңес етеді.
ТЖ туындаған жағдайда "112" телефонына қоңырау шалыңыз
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі