ШҚО ТЖД құтқарушылары 20 қарашада Тарбағатай ауданындағы Зайсан көлінде жоғалып кеткен 1990 және 1981 жылы туған екі балықшыны іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.
Іздеу жұмыстарының хронологиясын еске салайық. Құтқарушылар хабарлы ала салысымен:
- Оқиға орнына Тарбағатай ауданының ТЖБ бастығы әкімдік өкілдерімен бірге оқиғаның себептері мен ақпаратты анықтау үшін дереу келіп жетті.
- Бірінші кезекте Тарбағатай ауданының жергілікті балықшыларының қайыққа шығу мүмкіндігі қарастырылды. Алайда, су қоймасындағы ауа-райының өзгеруі, атап айтқанда жел нәтижесінде пайда болған қабыршақ мұз (мұз сынықтарының үйіндісі) катермен шығуға мүмкіндік бермеді. Күршім ауданы Ақсуат ауылы жағынан да осындай жағдай қалыптасты, суда жүретін көліктің көмегімен көлге шығу да мүмкін болмады.
- 21 қараша күні таңертең Өскеменнен іздестіру жұмыстары үшін оқиға орнына ШҚО ТЖД ЖҚЖ бөлімшесінен 5 адам, 1 бірлік техника және 1 бірлік "Пегас" ауа жастығы бар кеме жіберілді, сондай-ақ Зайсан көлінде аэровизуалды тексеру жүргізу және балықшыларды іздеу үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ШҚО әкімдігінің МИ-8 тікұшағы ұйымдастырылды.
- Оқиға орнына келген тікұшақ іздеу жұмыстарын бастады. 13 сағат 06 минутта жергілікті тұрғындар жағадан 1 шақырым қашықтықта жоғалған балықшылардың қайығының бос бензин багын тауып алды. Іздеуге тұрғындар (20 жеңіл автокөлік, 50 адам, 1 квадрокоптер), полиция (3 бірлік техника, 10 қызметкер, 1 квадрокоптер), ШҚО ТЖД-дан 10 құтқарушы жұмылдырылды.
Оқиға орнына ЖҚЖ іздестіру тобы ( 4 адам) Күршім ауылынан сүңгуір жабдықтарымен жіберілді.
- 22 қарашада ШҚО ТЖД ЖҚЖ сүңгуірлері арнайы жабдықтың көмегімен таң атысымен күні бойы мұз астынан іздеу жұмыстарын жүргізді. Іздеуге сондай-ақ жергілікті тұрғандар да белсене қатысты. Кешке қарай қайық табылды. Құтқарушылар мен тұрғындар қайықты мұз астынан алып шықты.
23 қарашадан бастап бүгінгі күнге дейін күні бойы ШҚО ТЖД ЖҚЖ сүңгуірлері суасты іздеу жұмыстарын жүргізуде. Күніне 12 рет суастына түседі, сүңгуірлер тобы Күршім мен Өскемен қаласындағы бөлімшелердегі сүңгуірлермен күшейтілді. Барлығы 19 сүңгуір мен әуе жастықшасы бар Пегас жол талғамайтын кемесі мен құтқару қайығы мен суастында жұмыс істейтін және мұз астындағы көріністі мониторға беретін ГНОМ іздеу құралы жұмылдырылған.
Іздеу аумағы 1,5 шақырым және 7-9 метр тереңдікті құрайды. 2020 жылғы 23 қарашада бастап 01 желтоқсанға дейін 55 мұз ойығы жасалып, 55 рет суастына түскен, іздеу ауданы 2214976 шаршы метрді құрады.
Іздеу жұмыстарын суастындағы көзге түрткісіз қараңғылық болуы қиындатады, құтқарушылар «соқыр» адамша іздеуде, су түбі өте лай.
2020 жылғы қарашадағы 27-29 аралығында күртеше, балық толған қап және ау табылған.
Күнделікті 30 балықшы құтқарушыларға көмек ретінде жағалаудан 1,5 шақырымды сүзіп өтеду, қолданатын аудың ұзындығы 300 метр.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпараты