
ШҚО ТЖД құтқарушыларына сауда орталығында шартты түрде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Сатушы-кеңесші өртті байқап, қолмен іске қосылатын өрт хабарлағышын қосты. Оқиға орнына келген өрт сөндіру бөлімшелері барлау жұмыстарын жүргізу барысында ойын аттракционында электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан өрт шығып, жалынның балалар алаңына таралғаны анықтады. Келушілер павильоннан жақын орналасқан эвакуациялық шығу жолдары арқылы сыртқа шығарылды.
Түтін басқан аймақта үш адам қалып қойған, оларды өрт сөндірушілер құтқару капюшондарының көмегімен эвакуациялап, өртті сөндіру жұмыстарына жедел кірісті.
«Сауда орталықтарында жанғыш материалдардың көп болуы себепті, өрт шыққан жағдайда жалынның таралуы өте жылдам болуы мүмкін. Өрт-тактикалық оқу-жаттығудың мақсаты – сауда орталығы персоналының өрт туындаған кездегі іс-қимылдарын пысықтау және сатушыларды қауіпсіз эвакуациялау дағдыларына үйрету. Қызмет бөлімшелерінің алдында сауда орталығына кіреберіс жолдарды, өрт гидранттарына қолжетімділікті тексеру, сондай-ақ нысан аумағын жан-жақты зерделеп, әкімшілікпен өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау міндеттері қойылды», – деп атап өтті ШҚО ТЖД.