
Ауа температурасының күрт ауытқуы, жел, жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын таулы беткейлерден қар массасының өздігінен түсуіне себеп болатын жағдайлар болып табылады. Жыл басынан бері облыс аумағында құбылмалы ауа райына байланысты «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының қызметкерлері «Өскемен – Алтай» автожолының қар көшкіні қаупі жоғары учаскелерінде, сондай-ақ «Путинцево» және «Богатырёво» учаскелерінде, облыстық маңызы бар Өскемен – Самар автожолының «Тайынты», «Лайлы» учаскелерінде және Таулы Үлбі бағыты бойынша қар ошақтарына тексеру жұмыстарын жүргізді.
Бақылау нәтижесінде қар көшкіні жиналатын ошақтардағы қар жамылғысының тығыз әрі орныққаны, үрдесін қарлардың жоқ екені анықталды. Қар жамылғысының қалыңдығы Алтай ауданында шамамен 70 см, Катонқарағай ауданында – 50 см, Самар ауданында – 35–45 см құрайды.
Қар көшкінінің өздігінен түсу қаупі төмен.
«Қазселденқорғау» мамандары қар көшкіні қаупі жоғары аймақтарда орналасқан елді мекендер мен демалыс орындарында түсіндіру-профилактикалық жұмыстарын жүргізді. «Қазселденқорғау» ШҚ филиалының қызмет көрсететін аумақтарында барлығы 325 қар көшкін ошақтары бар, қар көшкінінің әсер ету аймағына түсетін 93 шақырым автожол, сондай-ақ мереке және демалыс күндері 3000-нан астам демалушы қабылдайтын туристік және шаңғы базалары орналасқан.
Егер тауға баруды жоспарласаңыз, қар көшкіні қаупіне байланысты дауылды ескертудің бар-жоғын тексеріңіз, қыста тауда кездесетін ықтимал қауіптермен танысыңыз, қар көшкіні қаупі бар жерлерде қауіпсіз жүріп-тұру әдістерін меңгеріңіз, қажетті құрал-жабдықтарды алып, оларды қолдана білуіңіз қажет.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» нөміріне хабарласыңыз.