ШҚО-да сертификатталмаған пиротехниканы сату орындары бойынша рейдтер жүргізілуде

ШҚО-да сертификатталмаған пиротехниканы сату орындары бойынша рейдтер жүргізілуде

Шығыс Қазақстан облысында Полиция департаментінің қызметкерлері мен ШҚО ТЖД құтқарушылары сертификатталмаған пиротехниканы сатудың алдын алуға бағытталған шамамен 240 профилактикалық рейд өткізді. Профилактикалық іс-шаралар барысында фейерверктерді сатуға арналған лицензиялардың болуы тексерілуде. Өңірде рейдтік топтар құрылып, олардың нәтижесі бойынша контрафактілік өнімнің 60 бірлігі тәркіленді. Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 196-бабы бойынша 8 хаттама толтырылды.

«Пиротехникалық бұйымдарды бөлшек саудада сату өнімнің сақталуын қамтамасыз ететін, оған тікелей күн сәулесінің және атмосфералық жауын-шашынның түсуін болдырмайтын дүкендерде, павильондар мен киоскілерде жүзеге асырылады. Ғимараттардың орналасуы төтенше жағдайларда адамдарды эвакуациялауға кедергі келтірмеуі және алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс», – деп атап өтті ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

Контейнерлерден тыс, лицензиясы мен рұқсаты жоқ тұлғалардың ашық сөрелерден, автокөліктерден, шатырлардан, қолдан және өткелдерде пиротехникалық бұйымдарды сатуына қатаң тыйым салынады.

ШҚО ТЖД петардалар, фейерверктер және бенгаль оттарын сатып алу кезінде төмендегілерге назар аудару қажет екенін ескертеді:
• өнімнің сертификатталғанын тексеріп, пиротехниканы пайдалану ережелерімен міндетті түрде танысыңыз;
• сақтау және сату мерзіміне назар аударыңыз: егер тауардың мерзімі өтіп кетсе, оны қолдануға қатаң түрде болмайды;
• қаптамасы бүтін болуы тиіс. Фейерверктерді ғимараттарда және пәтерлерде іске қоспаңыз;
• зымыран атқыштарды тұрақта тұрған автокөліктер мен құрылыстардың маңында қолданбаңыз. Іске қосу аймағында 50 метр радиуста өрт қауіпті нысандар болмауы тиіс. Балалардың петардаларды іске қосуына қатаң тыйым салынады.