ШҚО ТЖД құтқарушылары от шашудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті

ШҚО ТЖД құтқарушылары от шашудың қаншалықты қауіпті екенін көрсетті

Алда жаңа жылдық мерекелер келе жатыр. Оларды қауіпсіз қарсы алу мақсатында ШҚО ТЖД мамандары халық үшін арнайы тәжірибе өткізді.

Пиротехникалық бұйымдар тұтатылып, қолдан жасалған аққаланың «қолына» орнатылды. Әрбір от шашудың қуаты көзбен көріп-ақ анық байқалды.

«Петардалардың негізін жанғыш заттар мен тотықтырғыштардан тұратын жарылғыш қоспалар құрайды. Тіпті көлемі шағын көрінетін “бомбочкалардың” өзі де өте қауіпті және түрлі жарақаттарға әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді ШҚО ТЖД мамандары.

Қауіпсіздік мақсатында ШҚО ТЖД құтқарушылары пиротехниканы пайдалану кезінде келесі ережелерді сақтауға кеңес береді:
- нұсқаулықты мұқият оқып шығу;

- от шашуды балаларға сатуға және олардың іске қосуына жол бермеу;

- от шашуға арналған орынды дұрыс таңдау. Бұл кең, ашық алаң болуы тиіс, 50 метр радиуста ғимараттар, тұрақтар, құрылыстар және өзге де өрт қауіпті нысандар болмауы керек;

- от шашуды ғимарат ішінде және жабық бөлмелерде қолдануға тыйым салынады;
- қатты жел кезінде от шашуды іске қоспау;

- петардаларды адамдарға, жануарларға, автокөліктерге лақтыруға қатаң тыйым салынады;

- фитильді тұтатқан кезде салюттің үстінен еңкеюге болмайды;

- іске қосқаннан кейін от шашуды сумен сөндіру қажет.