
Апаттар, авариялар, өрттер, улы газбен улану, жол-көлік оқиғалары орын алған кезде құтқарушылармен бірге ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де оқиға орнына барады.
Шығыс Қазақстан филиалында 10 дәрігер, 14 орта медициналық қызметкер және бір психолог қызмет атқарады. Олардың ішінде төрт дәрігер «Денсаулық сақтау үздігі» атағына ие, тағы төрт қызметкер денсаулық сақтау саласының еңбек ардагерлері төсбелгісімен марапатталған.
Биыл Шығыс Қазақстанда дәрігерлер 569 рет шақыртуға шығып, 122 азаматқа жедел медициналық көмек көрсетті.
Зардап шеккендердің басым бөлігінде күйік, улы газбен улану, әртүрлі жарақаттар тіркеледі.
Облыста трассалық медициналық-құтқару пункттері жұмыс істейді, онда орталық мамандары қызмет етеді.
«Құрылған пункттің арқасында оқиғалардан кейін жедел көмек көрсетіледі, бұл жүздеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Себебі аудандық орталықтан «жедел жәрдем» көбіне 20–50 шақырым жерден келеді, ал мұндай жағдайда әр секунд маңызды. Трассада жол апаты болғанда, түрлі жарақат алған жолаушылар қауіпті жағдайда қалады. Біз оқиға орнына келген соң зардап шеккендерді қарап, алғашқы медициналық көмек көрсетеміз. Кейін ауыр жарақат алған азаматтарды жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткіземіз. Тәулік бойы елді мекен тұрғындарына қажетті көмектің барлығын көрсетеміз. Көбіне тұрмыстық жарақаттар, қан қысымының жоғарылауы бойынша жүгінеді. Қызмет барысында бөгде затты алып тастау, толғақ келген әйелге көмек көрсету, қар құрсауында қалған автобустың жолаушыларына жәрдем беру жағдайлары болды. ТМҚП базасында бізде жол-көлік оқиғасы кезінде автокөлікті «жазу» үшін авариялық-құтқару құралдары, жарақат алғандарды реанимациялауға арналған арнайы медициналық жабдықтарымыз бар», – деп атап өтті ҚР ТЖМ АМО дәрігерлері. «Соңғы аптада ТМҚП орналасқан аумақта жол апатына 2 рет шығу болды. Алғашқы жағдайда автокөлік аударылып, ауыр жарақат алған үш адамға көмек көрсетіліп, дер кезінде Таврия кентіндегі ауруханаға жеткізілді. Екінші жағдайда да жол апатына ұшыраған азаматқа осындай көмек көрсетілді. Дәрігерлер шақыруға боранды күні де, көктайғақ кезінде де барып жүрді».
Апаттар медицинасында психолог қызметі – ажырамас бөлік. Психолог бригадалармен бірге оқиғалар мен төтенше жағдайларға шығарылады, зардап шеккендерге жедел психологиялық көмек көрсетеді, күйзелісті еңсеруге жәрдем береді.