
"ҚР ТЖМ Қазселденқорғау" ММ ШҚ филиалының қызметкерлері «Өскемен – Самар» автожолы бойындағы «Тайынты» және «Лайлы» бағыттарында, «Өскемен – Алтай – Катонқарағай» автожолының 58–66 шақырымында орналасқан «Пихтовка» және «Өскемен – Таулы Үлбі – Северное» бағыттарындағы қар көшкіні қаупі бар учаскелерге жерүсті тексеру жүргізді. Тексеру барысында қардың құрылымы, оның қалыңдығы, қар қабаттарының тұрақтылығы мен беріктігі, сондай-ақ қар көшкіні қаупінің туындауына әсер ететін белгілер мұқият зерттелді.
Өңірде жауын-шашынның көп түсуіне қарамастан, беткейлердегі қар тығыз жиналған, қардың желмен үйілуі байқалмайды. Алтай ауданында қар ошағының қардың қалыңдығы – 70 см, Катонқарағай ауданында – 50 см, Самар ауданында – 30–35 см.
Жалпы, ШҚО аумағында ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» мекемесінің филиалы қызмет көрсететін 325 қар көшкін жинағында, қар көшкіні қаупі бар аймаққа кіретін 93 шақырым автожол, сондай-ақ туристік және шаңғы базалары бар. «Қазселденқорғау» мамандары қар көшкіні қаупі жоғары аймақтарда орналасқан елді мекендер мен демалыс орындарында тұрақты түрде түсіндіру-алдын алу жұмыстарын жүргізуде.
ШҚО «Қазселденқорғау» филиалы мен ШҚО ТЖД мамандары азаматтарға тауға шығар алдында ауа райы болжамын ескеруді сұрайды. Қар жауып тұрған кезде, боран немесе дауылды жел соққанда тауға шығуға болмайды. Ауа райы туралы мәліметті «Дармен» мобильді қосымшасынан білуге болады.
Қар көшкіні қаупі бар учаскелерден өткен кезде тоқтамай, қауіпті аймақтан тез шығу қажет.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.