
Канат Қапанов Усть-Каменогорск қаласының №3 өрт сөндіру бөлімінде 6 жылдан астам уақыт азаматтардың қауіпсіздігі үшін жүргізуші болып қызмет етіп келеді.
Ол көтерме қоймалардағы өртті сөндіру сияқты ірі өрттерге қатысып, қарауылымен бірге бірнеше сағат бойы жалынды ауыздықтаған.
Өрт кезінде әріптестерімен бірге екі рет адамдарды құтқарып қалған.
Жуырда ғана, қызметте болмаған кезде, тағы да ерлік көрсетіп, балаларды ажал аузынан аман алып қалды. 6 қараша күні Ұлан ауданы, Қ. Қайсенов кентіндегі бес қабатты үйдің 4-қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Усть-Каменогорск қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Канат Қапанов туыстарының үйінде демалып жүрген кезінде көрші пәтерден түтін байқап, бірден көмекке ұмтылған. Түтін басқан үйге кіріп, екі баланы құтқарып, тұрғындардың да түтінге толған подъезден эвакуациялануына көмектесті.
«Мен бала кезімнен осы мамандықты армандадым, өрт сөндіруші болып қызмет еткен туған ағама әрқашан мақтанышпен қарайтынмын. Өскен соң осы қызметке келдім және адамдарға көмек көрсетіп жүргеніме қуаныштымын», – деді жүргізуші Қапанов.
Канаттың үлкен отбасы бар, жұбайы Салтанат екеуі үш баланы тәрбиелеп өсіріп отыр.
«Жақындарым мені өрт кезінде алаңдайтынына қарамастан, бұл оңай емес мамандықты таңдағанымды құрметтейді», – деді Канат.